Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Атырау облысының бас имамы болып Болатбек Абу тағайындалды.
Наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы облыстық «Иманғали» мешітіне жұма намазға жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жолдап, тағайындау туралы бұйрықты оқып берді. Болатбек Ұласханұлы бұған дейін Қызылорда облысының, Алматыдағы «Байкен» мешітінің бас имамы қызметін атқарды. Сондай-ақ бұған дейін Атырау облысының бас имамы қызметін атқарған Алтынбек Ұтысханұлына алғыс айтып, жамағат алдында құрмет көрсетілді.
«Алтынбек Ұтысханұлы 2019 жылдан күні бүгінге дейін абыроймен қызмет атқарды. Аталған уақыт аралығында өңірде 15 мешіт, 5 құран жаттау және діни сауат ашу орталығы ашылып, қолданысқа берілді. Аталған орталықтардан алғашқы 8 қари түлеп шықса, 91 дін маманы қызметке тағайындалды. 2019-2020 жылдары пандемия кезеңінде қала, аудан, ауылдық дәрігерлік орталықтарға 10 ИВЛ, 83 оттегі аппараты жеткізіліп, 7000 дәрі-дәрмек берілді. Болатбек Ұласханұлы да білікті маман, дін саласында үлкен міндетерді абыроймен атқарған адам. Атырау облысы жамағатының бірлігін нығайтып, рухани ағарту мақсатында нәтижелі қызмет атқарады деп сенемін» деді наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы.