Табиғиндердің намазға деген ынта-ықыластарының зор екендігі соншалық, олардың араларында тіпті түнді намаз оқумен өткізетін Фудайл ибн Иаз, Таус ибн Қайсан, Ибраһим ән-Наһаи секілді тақуалар бар еді. Бұлар күндіз-түні тек құлшылық жасап қана қоймай, күнделікті рызық-несібелерін адал еңбектерімен тауып, жұмыс істейтін шынайы мұсылмандар болған.
Олардың арасында сол кезеңдегі ұрыс-жанжалдар мен саяси шиеленістерге қарамай, күн-түнін құлшылықпен өткізіп, күніне мың рәкат намаз оқыған Зейнел Абидин секілді және қырық жыл бойы құптан намазының дәретімен таң намазын оқыған Таус Йемени секілді Алланың сүйікті құлдары да бар еді.
Хатами әс-Самның (р.а.) намазы
«Егер бұл оқитын жұма намазың соңғы намаз болатынын білген болсаң, оны ықыласпен, көз жасыңмен оқуға тырысатын едің. Мүмкін, Жаратушының «кешірдім» деген сүйінші хабарын естімейінше, басыңды сәждеден алмайтын едің.
Егер әр оқыған намазыңды «бұл соңғы нама- зым шығар. Осы намазым арқылы Раббымды разы қыламын. Бұл намазым арқылы жамандықтардан, күнәлардан аулақ боламын. Ең үлкен азап болған тозақтан құтыламын. Бұл намазым арқылы пейішке кіремін» – деп ықыласпен оқитын болсаң, ол намаз сені жалықтырмайды. Керісінше, саған ләззат, рухани азық, көңіліңе қуаныш береді».
Хатами әс-Самнан (р.а.) «Намазды қалай оқисың?» деп бір кісілер сұраған екен. Сонда ол: «Намаз уақыты таяғанда жақсылап дәретімді аламын. Намаз оқитын жерге барып, біраз отырып ойланамын. Сонан соң намазға тұрамын. Қағбаны – қақ маңдайымның ортасында, сиратты (қыл көпірді) – табанымның астына, жаннәтті – оң жағыма, ал тозақты – сол жағыма алып, Әзірейіл – төбемде тұрғандай сезіммен оқимын. Үрей мен үміт арасында Әлемдердің Раббы болған Алла Тағаланың құзырында тұрғанымды ойлаймын. Тәкбір алып, мағыналарына зер сала отырып, Құран аяттарын оқимын. Кішіпейілділікпен рукуғ жасаймын. Хушумен сәждеге барамын. Оң аяғымды тік ұстап, сол аяғымды жатқызып үстіне отырамын. Намазымды осындай ықыласпен, шынайылықпен оқуға тырысамын» – деген екен.
Сірә, ихсан сезімімен, Алланы көріп тұрғандай оқылған намаз Хатами әс-самның намазы болса керек.
Омар ибн Абдулазиздің намазы
Ол – хазірет Омардың немересі, сүйіншісі және дұғасы. Ел ішінде құрметті, сыйлы болғандықтан, оны бесінші Халифа деп те атаған. Оның балалық шағы да ерекше еді. Кейде өзі жалғыз қалғанда қатты жылайтын. Бір күні оның жылап жатқанын анасы көріп, не үшін жылағанын сұрайды. Сонда ол: «Өлімнен кейінгі өмірімді ойладым», – деп жауап қатады.
Омар ес біліп, етек – жеңін жинай бастаған уақытта Салих ибн Қайсанның алдынан дәріс тыңдап, тәрбие алады. Жас Омар ұстазын қатты таңырқататын. Ұстазы қажылығын өтеу үшін Мәдина қаласына келген әкесі Абдулазизге Омар жайлы айтқанда: «Мен Аллаһтан мұншалықты қорқатын жас баланы көрген емеспін» – деп таңданысын жасырмайды.
Маймун ибн Миһраб секілді ұлы ғалым: «Ғұламалар оның жанында тек шәкірт болуға жарайтын еді» – деп, Омар ибн Абдулазизге шәкірт болудың өзі бір мәртебе екенін тілге тиек еткен.
Омар бір күні мешітке барар жолда кенет өзінен-өзі тоқтай қалып жылай бастады. Жылауының мәнісін сұраған қаумалаған жұртқа қарап тұрып: «Бұл дүниедегі еркін қолдарым ақыретте байланып қалуы мүмкін екенін ойлап жыладым», – дейді.
Әбу Хұрайра, хазірет Әнастың оқыған намазын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) намазына ұқсататын. Ал, Әнас (р.а.) болса, Омар ибн Абдулазиздің намазы- на Алла елшісінің (с.а.с.) намаз оқып тұрған сәтін көргендей тамсанатын.
Омар ибн Абдулазиздің бұл ілімі мен ықыласы құлшылықта шыңдардың шыңына жететін еді. Оның өмірі «Алладан қатты қорқатындар – ғалымдар» – деген аятты ойға салатын (“Фатыр”, 28).
материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,
sunna.kz