Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ Төрағасы қажылық миссиясының алғашқы жиынын өткізді (фото)

ҚМДБ Төрағасы қажылық миссиясының алғашқы жиынын өткізді (фото)

0 77

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Қазақстан қажылық миссиясы мүшелерінің алғашқы жиыны өтті.


Басқосуда қажылық маусымындағы Қазақстан қажылық миссиясының ұйымдастыру, үйлестіру бойынша жұмыстары пысықталды. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қажылық миссиясының ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, пәтуа беру және ақпарат бағыттары бойынша атқаратын іс-шараларының маңызына тоқталып өтті.

«Қажылық – адамның тақуалығын күшейтіп, шыңдай түсетін уақыт. Қажылық мұсылмандар арасында бауырмашылдықты күшейтеді. Және олардың ауызбіршілігінің аса маңызды екенін ұқтырады.  Қажылар бір мекенде, бір мезгілде, бір кейіпте бас қосады. Олар бір Жаратушыға дұға етеді. Мақсаттары – бір, бағыттары – бір. Биылғы қажылық маусымын баршаңыз барынша ат салысып, жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында қасиетті мекендерге аттанасыздар. Бұйырса, бұл қасиетті сапар – сындарлы сәт, әрі ұлы құлшылық. Осы жауапкершілігі мол уақытта баршаңыз аянбай қызмет жасау қажеттігін еске саламын» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы миссия өкілдерінің міндетін нақтылап, бес парыздың бірі саналатын қажылыққа мұқият дайындық жасауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл конкурстық негізде 15 туроператорға жалпы саны 4500 қажылық орны бөлінді. Отандастарымыз 24-31 мамыр аралығында қасиетті сапарға аттанып, маусым айының 10-15  аралығында елге оралады деп жоспарлануда. Тасымалдау жұмыстары биыл Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейстер арқылы жүзеге асады. Қазақстандық қажыларға отандық «Air Astana» мен «SCAT», сондай-ақ «Flynas» (Сауд Арабия Корольдігі) сынды халықаралық әуе компаниялары қызмет көрсетеді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.