Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Қарилар алқасы» құрылды.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен алқа жұмысына елімізге белгілі ғалымдар мен қарилар, атап айтқанда, Садуақас Олжабаев, Камилжан Садыков, Төлеби Оспан, Данияр Жұмабаев, Еркінбек Шоқай, Ерсін Әміре, Жұманазар Садырханов, Шоқан Уалиев және т.б қарилар қатысты.
Басқосуда қатысушылар ҚМДБ жанындағы «Қарилар алқасы» ережесімен танысып, алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралардың мазмұны мен мақсатын нақтылады.
«Құран – тура жолдың айқын нұры, адамзатты иманға, ізгілік пен әділетке жетелейтін Ұлы Кітап. Ал оны жаттап, жүрегімен қабылдап, өмірімен насихаттап жүрген қарилар – үмметіміздің шамшырағы, аманат арқалаушы тұлғалар», – деп атап өтті Бас мүфти.