Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына барған сапарында Ақтау қаласында жаңа мешіттің ашылуына қатысты.
«Шопан ата» мешітінің ашылуы рәсімінде Бас мүфти: «Бүгін баршамыз үшін ерекше тарихи оқиға, ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызды күн деп санаймын. Өйткені мешіт – мұсылман қауымының рухани тірегі. Алланың үйінде имандылықтың нұры шашылып, бірлік пен татулықтың негізі қаланады.
«Шопан ата» мешітінің ашылуы Маңғыстау жұрты үшін емес, еліміздегі барша мұсылман қауымы үшін де қуанышты сәт деп санаймын. Себебі мұнда тек намаз оқылмайды, сонымен қатар діни білім беріледі, жастар мен отбасыларға, қоғамның барлық топтарына арналған игі іс-шаралар ұйымдастырылады. Қайырымдылық жұмыстар жүргізіледі.
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорқатын адамдар салады»(«Тәубе» сүресі, 18-аят) деп баяндайды. Міне, бүгінгі мешітіміз сондай мүміндердің сауапты істерінің жемісі.
Бұл мешіт жамағаттың бірлікпен намаз оқитын орны ғана емес, руханият пен білім ордасы болуға тиіс. Мұнда балаларға имандылық сабағы, жастарға тәрбие, үлкендерге тағылым беріледі. Сондықтан мешіттің жұмысы халықпен етене байланысты, жамағатпен тығыз қарым-қатынаста болады» деп атап өтті.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 1000 орындық құлшылық үйін салуға демеушілік жасаған азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, игі ниетін білдірді.