Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти: «Ұстаздық – пайғамбарлар жолының жалғасы»

Бас мүфти: «Ұстаздық – пайғамбарлар жолының жалғасы»

0 256

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жетісу облысы, Талдықорған қаласына жасаған сапары барысында «Иман» мешітінде жамағатқа «Ұрпақ тәрбиелеуде – ұстаздың орны» тақырыбында жұма уағызын айтты.


Жұма уағызында Бас мүфти ұстаздың қоғамдағы айрықша орнына тоқталып:

«Ұрпақтың тағдырына бағыт-бағдар беретін де, елдің ертеңін қалыптастыратын да – ұстаздың тұлғасы, өнегесі, ықпалы. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен, ұстаз бейнесі туралы айтылатыны сондықтан. Қоғам ұстаздың қолымен өсіп-өнеді. Ұлт ұстаздың еңбегімен көгереді. Демек, ұрпақ тәрбиесінде ұстаздың орны – теңдесіз, өлшеусіз ұлы орын», – деді.

Сондай-ақ Абай хакімнің:

«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға»

өлеңін мысалға келтіріп, ұстаздың еңбегін тек кәсіп емес, әрі рухани жауапкершілік екенін атап өтті.

Жұма уағызынан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатпен бірге дұға жасап, Алладан елдің тыныштығын, жердің амандығын тіледі. Сондай-ақ барша ұстаздар қауымының еңбегіне береке тілеп, шәкірт тәрбиесіндегі істерінің жемісті болуын сұрады.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен 4-5 қазан күндері Талдықорған қаласында қасиетті «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша XIV республикалық байқау» өтеді.

Қасиетті Құран жарысын тікелей эфирде ертең сағат 08:30-дан бастап тамашалай аласыздар: https://youtube.com/live/8MCO5bF4ghQ?feature=share














Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.