Қызылордада «Айтбай» мешіті туралы деректі фильм мен кітаптың тұсаукесері өтті
Қызылордада «Айтбай» мешіті туралы деректі фильм мен кітаптың тұсаукесері өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қызылорда қаласында тарихи «Айтбай» мешітінің 150 жылдық тарихына арналған деректі фильм мен «Айтбай мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысты.
Аталған шара «Айтбай» мешітінде бабалар рухына бағышталған Құран хатыммен басталып, Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде жалғасты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғы сөзінде: ««Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы тереңнен бастау алатын Алланың үйлері жетерлік. Солардың арасында биыл іргетасы қалана бастағанына бір ғасырдан астам уақыт өткен «Айтбай» мешітінің орны мүлдем ерекше. Себебі ол – Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар, сәулет өнерінің де ең көркем ескерткіші саналады. Десек те «Айтбай» мешіті өзінің 150 жылдық тарихында басынан талай ақтаңдақ кезеңдер мен нәубетті жылдарды өткізді. Міне, бастауын сонау Перовск кезеңінен алатын мешіттің тарихын түгендеп, халыққа ұсынып отырған деректі туындының біз үшін үлкен жаңалық екені сөзсіз. Осы бағыта аянбай қызмет еткен азаматтардың «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын еңбегіне ерекше алғысымды білдіремін. Бұл кітап – шын мәнінде, тұтас дәуірдің жүгін арқалаған құнды еңбек», – деді.
Сондай-ақ, шара барысында қатысушыларға тарихи деректерге негізделген деректі фильм ұсынылды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, зиялы қауым, архив, кітапхана және музей саласының мамандары қатысты.
Шара соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан бірқатар белгілі сала мамандарына алғыс хаттар табыс етілді.
Айта кетейік, кітаптың авторлары – «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы және журналист Нұрсұлтан Мықтыбай. Зерттеу жұмыстары сегіз ай бойы жүргізіліп, бұрын жарияланбаған тың деректер, мұрағат құжаттары және тарихи суреттер ғылыми жүйемен топтастырылған.



















