Әлихан Бәйменов ҚМДБ-ның «Сирек кітаптар қорына» құнды жәдігер табыстады
Әлихан Бәйменов ҚМДБ-ның «Сирек кітаптар қорына» құнды жәдігер табыстады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының «Сирек кітаптар және қолжазбалар қоры» үшін құнды жәдігер табыстады.
Кездесу барысында Әлихан Бәйменов сыйға тартылған кітаптың тарихына тоқталып, оны кезінде аталары пайдаланғанын, ұзақ жылдар бойы отбасында мұра ретінде сақтап келгенін айтты. Сондай-ақ бабадан қалған асыл дүниенің алдағы уақытта зерттеліп-зерделеніп, ел игілігіне жарауына үлес қосуды мақсат еткенін жеткізді.
Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы түркі әдеби (шағатай) тілінде жазылған бұл кітаптың қадім медреселерінде кеңінен оқытылғанын атап өтіп, дәстүрлі діни-ағартушылық мұраны жаңғыртуда және ұлт руханиятына қызмет етуде сирек кітаптардың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Әлихан Мұхамедияұлына игі бастамасы үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар Бас мүфти ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтынан жуырда «Сирек кітаптар және қолжазбалар қоры» ашылғанын айтып, аталған қорда бабалардан қалған көне кітаптар мен қолжазбалардың жинақталып, ғылыми тұрғыда зерттеліп, арнайы қор ретінде сақталатынын жеткізді.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы құнды жәдігерді Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдырға табыстап, аталған кітап алдағы уақытта сала мамандары тарапынан зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілетінін атап өтті.






