Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти министрлікке алғыс айтты

0 2  664

Кеше Астанадағы ҚМДБ ғимаратында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қасиетті сапардан оралған елордалық қажылармен кездесті.

Кездесуге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілі Бауыржан Есмахан,  Дін істері комитетінінің бас маманы Нұрғали Қабылов, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев және ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров қатысты.

21452

– Біз сіздерден жырақта отырсақ та, барлық жағдайларыңыздан хабардар болып жүрдік. Биылғы қажылық сапарына Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі көп көмектесті. Айталық, қажыларға вакцина салдыруға және тікелей рейстің ұшуына тікелей атсалысты. Одан бөлек Қажылық миссиясының құрамында да Дін істері комитетінінің азаматтары болды. Барлық көмектері үшін министрлікке алғыс айтамыз. Бірігіп жұмыс жасағанның арқасында қажылық сапар барысында қиындықтар туындаған жоқ, – деді бас мүфти.

Сондай-ақ, жиын барысында қажылар елімізден Мәдина мен Жидда қалаларына  тікелей ұшып баруға мүмкіндік жасағандары үшін ҚМДБ мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне ерекше ризашылықтарын білдірді.

23145

«Мен осыдан 3-4 жыл бұрын осы қасиетті сапарға баруға дайындалған едім. Тіпті, бір компанияға барлық құжаттарымды тапсырып, қажетті қаржыны төлеп те қойған болатынмын. Бірақ, әртүрлі себептермен жыл сайын бара алмай келдім.  Биыл сол кездегі төлеген қаражатымның барлығын Бейбіт Мырзагелдиев баламның көмегімен қайтарып, «Tawaf travel» қажылық компаниясымен қасиетті жерге барып, құлшылығымды жасап, өзімнің мұсылмандық парызымды орындап келдім. Сапар барысында айтарлықтай қиыншылық туындаған жоқ. Тамағы да, жатын орындары да, жол көрсетіп жөн сілтеп жүрген имамдар да өте жақсы болды. Көптеген елдің азаматтары Қажылық парыздарын орындау үшін бірнеше мемлекеттер арқылы ұшып, әр елде сағаттап ұшақ күтіп, жол азабын тартуда. Ал бізде ондай қиындықтар болған жоқ. Осындай жағдай жасаған еліміздің дін саласындағы азаматтарға, соның ішінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ерекше алғыс білдіргім келеді. Алла істеріңізге береке берсін» деді Қаламқас қажы Жолшыбекқызы.

Еске сала кетейік, биыл еліміздің 2500-ден аса азаматы қажылық парызын орындап келген болатын.

kazislam.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.