Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Мұсылмандары
діни басқармасы
Баспасөз бөлімінің меңгерушісі
ХХІ ғасыр… Өзгерістер мен күйзелістер кезеңі. Қаладағы қарбалас тіршілік, ауылдағы күнкөрістің қамы адам баласының рухани дамуына дес берер емес. Әлеуметтік желінің әлегі жасты былай қойғанда жасамысты да тұйыққа тіреп, түсініксіз тіршіліктің тұңғиығына батырып бара жатқандай… Әйтеуір, «әр кәллада – бір қиял». Өзіне еліктіріп әкетер әдепсіз нәрселер көз алдыңнан кесе-көлденең шыға берген сайын рухың әлсірейді.
Қатерлі сәтте қорған болар құндылықтардың көмегі шұғыл қажет. Ол – дін, діл, дәстүр, тарих, ғұрып, тағысын тағылар. Рухани һәм ұлттық құндылықтар жалқыны емес жалпыны жамандықтан құтқаратын иммунитет екені адамзат тарихында дәлелденген. Бұл – діңгек, жамандық атаулының емі. Санамен сан рет саралайық – бұдан басқа жол жоқ. Өйткені, күллі жаратылыстың ішінде адам баласы ерекше бейнеде жаратылған. Енді «атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын…» (Абай).
Сан ғасырлық тарихымыз куә емес пе, қазақтың ел басқарған хандары, би-сұлтандары ұлттың дәстүрлері мен халықтың рухани дамуына аса көңіл бөлді. Кешегі хан-сұлтандардың бүгінгі ұрпағы, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та егемендікке қол жеткізген сәттен бастап жұртымыздың жоғала жаздаған рухани мұрасын түгендеуді жедел қолға алды. Мемлекеттік деңгейдегі бірқатар ауқымды игі жобалардың бастамасы болған «Мәдени мұра» бағдарламасы мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, тарихымыз бен дәстүріміздің қайта жаңғыруына серпін берді. Мұны айрықша атап өткен абзал.
Игі идеяның нәтижесінде 100-ге жуық тарихи һәм мәдени ескерткіштеріміз қайта қалпына келтірілді. 2004 жылдан бастау алған бағдарлама аясында Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұрасына енді. Бұл – бағдарламаның басты жетістіктерінің бір парасы ғана. «Мәдени мұра» халықаралық дәрежедегі ізгі іс-шараларға да мұрындық болды. Бүгінде тек қазақ ұлтының емес, күллі мұсылман үмбетінің, бүкіл түркі жұртының, Ислам әлемінің мақтанышына айналған әйгілі Сұлтан Бейбарыс бабамыздың Дамаскідегі кесенесі мен Каир шаһарындағы мешітінетолық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Мысыр еліне барған бір сапарымда осыған куә болдым.
Бұл бастаманың арқасында Ресей, Түркия, Мысыр, Өзбекстан, Моңғолия, Жапония, Батыс Еуропа елдерінен Қазақстанның тарихына қатысты 5 мыңнан астам құнды құжаттар, тарихи жәдігерлер, қолжазбалар әкелінді. Жоғалған ұлын тапқан ана секілді ерекше сезімге бөленген қазақ жұрты құнды тарихымен, бай мәдениеті мен әдебиетімен қайта қауышты. «Мәдени мұра» бағдарламасы «Бабалар сөзі», «Әлемдік әдебиеттану», «Әлемдік өнертану», «Қазақ өнерінің тарихы», «Әбу Насыр әл-Фараби» «Қазақ хандығының тарихы мен мәдениеті жөніндегі Қытай мұрағаттарының құжаттары», т.б. көптомдық энциклопедиялық кітаптарды өмірге әкелді. Бұдан басқа кәсіби деңгейде түсірілген 20-дан астам деректі фильмдер көрерменнің тарих туралы көзқарастарының көкжиегін кеңейтті. Бұл қазақ халқының жоралы жұрт, іргелі ел екендігінің тарихи дәлелі еді. Ұлттық идеология дегеніміз осындай ізгі жобалардан бастау алмай ма?Осыдан кейін жастардың патриоттық жігері оянып, тарихты терең түсіне бастады, өз елінің ешқандай мемлекеттен кем түспейтінін ұқты. Ұлтымыздың мерейін тасытып, үмітін ақтаған игі жобаның Президенттің парасатты шешімімен жүзеге асуы әрбір ұлтжанды азаматты қуанышқа бөледі.
Тарих – өткеннен өнеге алып, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Ұлт мақтанашы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы», – деп жазғаны бар. «Әке – балаға сыншы», – демей ме? Тарих дегініміз – тәжірибе. Ал тарихтан тағылым алу – адамдық іс. Демек, өткеннен өнеге алу – бейне бір болашақтың бағдаршамы іспетті. Тарихты жасау оңай емес, ал оны жазып қалдыру – екі есе қиын іс. Бүгінде тарихты жасаумен бірге тарихи сананы қалыптастыру маңызды.
Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі: тарихи білім мен ағарту саласына тың реформа жасау қолға алынды. Елбасы бастамасымен «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы қабылданды. 2013 жылы бастау алған жоба аясында әлем мұрағаттарынан төл тарихымыз туралы құнды құжаттар алынып, жүйелі зерттелді. Сөйтіп, ұлттық тарихты зерделеу жұмысына серпін берілді. Қазақ-
станның тарих ғылымы сапалы ғылыми-зерттеу еңбектермен толықты. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына қатысты оқу-әдістемелік құралдар мен ақпараттық-талдамалық материалдар халыққа жүйелі насихатталды.
Батыстың қауіпті бейәдеп «мәдениеті» халық арасында «қалыпты әдет» ретінде таңылып жатқан жаһанданукезінде ұлттық болмысты сақтап қалудың бір жолы – тарихты жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыруға күш салу. Мылтықсыз майдандағы идеологиялық шабуылға ұлттық тарихымыз тегеурінді тірек бола алады. Бұған бек сенімдіміз. Ұлттық тарихты халық игілігіне айналдыру – мемлекеттік идеологияның алғышарты. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы осыны мақсат етті және нәтижесі де жоқ емес. Мемлекет басшысының бұл мәселедегі пәрмені өміршең жобаға айналды.
Осы жылдың сәуір айында Н.Ә.Назарбаев бұқаралық сананы өзгерту туралы ойларын жолдады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақалада қайта түлеудің тетіктері көрсетілді. Еліміздің беделді ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері Президенттің жаңашыл ойлауға, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үндеген мақаласын стратегиялық құжат деп қабылдады.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында қызмет етіп, діни саладаға жобаларға атсалысып жүргеннен кейін Елбасы мақаласындағы руханиятқа қатысты тұжырымды пікіріне сөз қосу асыл борышым деп білемін.
«Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл-масақ, көш басындағы елдермен иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деп жазды Президент.
Расында, өзгеруді ең әуелі адам өзінен бастау керек. Алланың қасиетті Құранда адамзатқа бұйырған әмірі нақ осы: «…әр ел өз күйін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді…» («Рағыд» сүресі, 11-аят). Кейде пенде өмірдегі өзіне қатысты кішкентай сәтсіздіктер үшін қоғамды, одан қалды билікті кінәлап жатады. Асылында кінәрат өзгеде емес – өзімізде емес пе?
Бірде батагөй әжеміздің бойжеткен немересін ұзату кезінде: «Барған жерде қалай бақытты боламын деме. Барған елімді қалай бақытты етемін деп ойла», – деген аналық тілегі бізге көп нәрсені ұқтырды. Иә, елден не аламын деген таяз түсініктен әр азамат арылуы қажет. Керісінше, елге не беремін деген ой санада жаңғырса игі. Елбасы мақаласындағы кесек ой осыны меңзейді.
Н.Назарбаев: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деген тілегін жолдады.
Бізге жат идеологиялық шабуыл үдей түскен осынау алмағайып заманда салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген елдің ғана мылтықсыз майданнан аман қалары сөзсіз. Өйткені, ұлттың тәрбие мен тағылымға толы тарихынан, әдет-ғұрпынан сусындаған ұрпақ «ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі». Ақиқатында солай!
Астана қаласы