Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітабынан дәлел көрсет деймін, тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын – бәрібір, бірақ жауап қазақ тілінде жазылсын яки қазақша тәржіме етілсін. Бірлі-жарым араб, фарсы яки орысша сөз кірсе, қазақша тәржімесі жазылса екен. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен һәм не «Айқап» арқылы, не тура өзіме төмендегі адрес бойынша хатпен жіберілсе екен. Екеуінің қайсысымен жазылса да, қол қойылған болып, адресі көрсетілуі тиіс, себебі, Құдай жеткізсе, бұл туралы жиналған сөздердің бәрін жинап, кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын; ол ойымды дұрыс көрсеңіз, жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміт етемін.
Бес сауал мынау:
1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?
2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
3. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?
4. Ең жақсы адам не қылған кісі?
5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?
Шаһкарим Хұдайберді оғлы
Ст. Аркат, Семипалатинская обл. Чингизской волости,
Шахкариму Худайбердину
(«Айқап». 1912. №5, 96-бет)
Шәкәрім атамыздан аманатқа қалған бұл бес сұрақтың мәні мен маңызы қазіргі заманда да, артпаса кеміген жоқ. Сол бес сұрақты біздің заманның білімділеріне, қазіргі ұлт зиялыларына қоюды жөн көрдік. Ендеше алғашқы болып бас сұраққа жауап беруші, абайтанушы ғалым ─ Омар Жәлелұлы.
─ Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?
─ Негізі Алланың адамды жаратқандағы мақсұты ─ Алла тағала өзінің шеберлігін көргісі келген. Мысалы: сен өзіңнің шеберлігіңді көре алмайсың ғой, егер сен шебер дизайнер болсаң өз шеберлігіңді киім тігу арқылы көресің, құрылысшы болсаң үй соғу арқылы көресің.Сол сияқты, Алла тағаланың негізгі мақсаты ─ құранда да, хадисте де айтылғандай, Алла тағала өзінің шеберлігін көргісі келгендіктен адамды жаратты дейді. Ғұламалар да осы көзқарасты айтады. Мəшһүр Жүсіп атамыз айтады: «Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді» – деп. Біз егер қандай да бір адам жетістікке жетсе, «Алла шебер» дейміз. Бейсаналы түрде айтып отырмыз бұны. Өзіміз түсінбей айтсақ та, дөп айтып отырмыз. Құдай Тағала өзінің шеберлігін көргісі келіп «Адамды махаббатпен жаратты» дейді. Ал махаббатпен жарату деген не? Өзіне ұқсас қылып жарату. Өйткені сүйген адам ғана өзінің бойындағы бүкіл қасиетін балаға береді екен.
─ Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
─ Адам тіршілік арқылы өзінің жанына азық жинап үлгереді. Егер адамдар осыны түсінбей тіршілгін беталды өткізіп алса, ана дүниеге барғанда Алла Тағала қысқан кезде, адам: «Алла Тағала, мен білмей қалдым, мені қайтаршы!» – деп жалынады екен. Сонда Алла Тағала айтады екен, Құранда да бар: «Болды пендем, мен саған бір рет өмір бердім, тіршілік бердім, енді оған қайту жоқ» – деп. Сондықтан бізге берілген бұл орай, яғни біз мәңгілік өмірге азық жинау үшін келгенбіз.
─ Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет(сауап-азап) бар ма?
─ Бар. Шәкәрім өзінің «Үш анық» деген еңбегінде, үш анық бар дейді. Бірінші анық ─ Құдай. Бүкіл халықтар, бүкіл ел, жер шарында қанша дін бар барлығы бір құдай бар екендігіне сенеді. Екінші анық ─ адамның жаны мәңгілік екендігі. Үшінші анық ─ адамның жанының екі дүниеде де, азығы бар екені анық дейді. Ол ұждан дейді. Ұждан үш нәрседен тұрады: ол – әділет, ынсап, мейірім. Сондықтан, егер адам азығын алып өмір сүрсе дейді, яғни ұжданымен өмір сүрсе оны мәңгілік рахат күтіп тұр. Ал егер ұжданын алып үлгермесе, жаңағы айтқан әділет, ынсап, мейріммен өмір сүрмей, əділетсіз өмір сүрсе, біреуге қиянат жасаса, жүрегінде мейрім болмаса оны мәңгілік азап күтіп тұр дейді. Сондықтан, біздің жанымыз неге біреуге жақсылық жасағанда қуанады? Өйткені, болашақта о дүниеде бәйге алатынын сезіп тұр дейді. Мәңгілік азап бары, мәңгілік рахат бары анық.
Сондықтан Шәкәрімнің бір өлеңінде:
«Асыл іздеп асылды ала сұрар» – дейді. Асыл деген жан ғой, ал жан құдайды іздейді. «Өлмес жанға өзгермес орын керек» – дейді. Сонда өзгермес орын жұмақ қой. Мәңгілік бақилық, оны амал дейді дінде.
«Фәни дене бояуға мақтанады,
Жан төзбейді сол үшін сақтанады.
Өлмес жанға өзгермес орын керек,
Сондай іске ұмтылсақ шаттанады.» Яғни, мұндағы «Фәни дене бояуға мақтанады» дегені, өлетін дене құнын жоятын, жаңағы бояу сияқты жусаң, кетіп қалатын, құнын жоятын тұрақсыз істермен айналысады. Мысалы: атақ, мансап, байлық бәрі тұрақсыз, бояу сынды, жусаң кетіп қалатын нəрселер.
«Мақтан үшін жан қалса ескерусіз,
Оның орны не болды байқадыңыз» – дейді. Оның орыны, әрине, тозақ.
─ Ең жақсы адам не қылған кісі?
─ Бұл жайлы да Шәкәрім атамыз: «Адамның ең асылы ─ қиянатсыз ақ пейіл, адамның ең жасығы ─ тайғақ мінез екі сөз» – дейді.
Адамның ең асылы ешкімге қиянат жасамаған адам. Ол мейлі надан болуы мүмкін, әліпті таяқ деп танымауы да мүмкін, бірақ ешкімге қылшықтай қиянат жасамаса, сол әулие. Шәкәрім атамыз бір өлеңінде:
«Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес.
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Әулиеден кем емес» – дейді. Қазіргі кезде біз бәрін білімге артып қойдық. Керісінше адам қиянатшыл болса, әрі білімді болса одан асқан жауыз, одан асқан айлакер, одан асқан зиянды адам болмайды, қазіргі қоғамда соны көзіміз көріп отыр. Керісінше, адам білімсіз болсын, көзі ашылмаған надан болсын, ешкімге қиянаты болмаса, ондай адам ─ әулие.
─ Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?
─ Заман өзгере береді. Бірақ заман өткен сайын адамдардың адамшылығы азайып кетті десек, онда заманды жамандағанымыз болады. Егер заман өзгерген сайын, адамдардың адамшылдығы артып кетті десек, онда ақиқаттан бұра тартқан боламыз. Мен өзім ойлаймын, адамның адамшылығы ол заманға байланысты емес. Шәкәрім: «Қандай надан заманды жамандатып, өзінді амандатып. Оны шығарған шала сауат білімсіз молда» дейді. Яғни мұнда адамның адамшылығына заманның ешқандай қатысы жоқ деп тұр. Абай да айтады:
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек.
Жаман заманға күйлемек,
Замана оны илемек» – дейді. Сондықтан заман ол- уақыт. Ал сенің жақсы болуың да, жаман болуың да өзіңе байланысты. Егер заман дейтін болсақ, онда барлық кінәні соған артып, адам кінәсіз болып шығады. Онда әділетсіз болғанмыз. Жоқ, заман кінәлі емес!
─ Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Журналист, Жарқынбек Жұмәділ