Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

КӨП СӨЙЛЕУ НЕГЕ КҮНӘ?

0 6  294

Картинки по запросу көп сөйлеу

Көп сөйлеуді халқымыз жақтамаған. Қазақ-шешен халық болған. Шешендік деген – көп сөйлеу емес, айтылатын ойды мейлінше аз сөзбен ұтымды жеткізуге саяды. Қазақ тарихында небір шешендер өткен. Бөлтірік шешен, Қазыбек би, Әйтеке би, Төле билердің сөздері мен жыраулардың термелері нағыз шешендіктің зор үлгісі болса керек.

Асан қайғы бабамыз:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады

-деп жырға қосқаны осының дәлелі болса керек. Қазақ халқы «Көп сөз көмір, аз сөз алтын» деп нақты байлам айтқан. 

 Көп сөйлеуге қатысты Ислам дінінде де толғамдар өте көп кездеседі. Алла Елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Аз сөйлеу иманнан, көп сөз екі жүзділіктен» деп насихат айтқан.

Көп сөйлеу түрлі келеңсіз іске ұрынуға алып келуі мүмкін. Бұл туралы бабаларымыз: «Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден» деген. «Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл» деп мағыналы дұрыс сөйлей білуге аса мән берген. .

Тілге ие болу, аз сөйлеу дініміздегі ғибрат. Бұл жайлы Құран кәрімде «Ниса» сүресі 114 аятында:

«Садақа беру, жақсылықты әмір ету және адамдарды татуластырудан басқа сөйлеуде, сыбырласуда қайыр жоқ» делінген. Бұл жерде бос сөз сөйлеу де ешбір тағылым, ғибрат жоқ екендігі айтылады.

 Ислам ғұламалары:«Ғибадат он бөліктен тұрады, оның тоғызы үндемеу, бір бөлігі жаман достан ұзақ тұру» деп өсиет еткен. Бұл тағылымдарды мына өсиеттермен жалғастыруға болады.

«Тілін тыйған адам құтылады» (Тирмизи) десе,«Адамның қателерінің, кемшіліктерінің көбі тілінен келеді.» (Табарани)

«Амандық қалаған адам үндемесін, тілін тұтсын» (Ибн Әбиддунийа) деген. Осы ғибраттарды зердемізге түйе отырып, неғұрлым ғибратты сөз сөйлеудің маңызын байқаймыз.

Хазреті Ибн Аббас былай деген:

«Саған қажеті болмаған, пайдасы тимейтін мәселелерде ауыз ашып сөйлеме, өйткені бұл артықша іс. Оның үстіне зиянынан да сенімді емессің. Қажетті сөздерді де орынсыз сөйлеме! Көбінесе пайдалы сөздер орнын таба алмағандықтан жоғалып кетеді.»

Осы өсиеттерге қарап тілге ие болу, ғайбат айтпау, тағылымды сөз сөйлеудің аса үлкен өнеге және көркем қасиет екендігіне көз жеткіземіз.

 Нұрислам Жақсымбет
ШҚО Риддер қалалық «Д.Қонаев» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.