Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти: ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҮЛЕС – БАРЛЫҚ МҮДДЕДЕН БИІК КҮРЕС

0 2  527

Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҮЛЕС – БАРЛЫҚ МҮДДЕДЕН БИІК КҮРЕС     

Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес деген аталы сөз бар. Ұлы күреспен келген тәуелсіздік біз үшін қашан да қымбат. Тәуелсіздік –  азаттықты аңсаған адам үшін қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Еркіндіктің қадірін бодандықта болған адам біледі емес пе?

Азат ойлы бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздікті тойлаумен қатар оның болашағын ойлау жауапкершілігі жүктеліп отыр. Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін әрбір азаматқа саналы жауапкершілік, парасаттылық, озық білім керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай, көзі ашық азаматтар жаңашыл ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс.

Қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.

Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді көкейіне тоқып алса – тәуелсіздікке қосқан үлес осы болмақ.

Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», – деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез екенін айтып, парасатты пікірлерін жариялауда.

Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ.      

Тәуелсіз елдің азаматтары үшін ауадай қажет мінездердің бірі – татулық пен бауырмашылдық. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған.

«Тозған қазды топтанған қарға алады» демекші, бірлігіміз болмаса болашағымыз бұлыңғыр. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Өмірдің берекесі де бірлікте.

Тәуелсіздік ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», – деген нақыл сөздің астарында мол мағына жатыр. Ынтымағы бар елдің ырысы мен берекесі де мол.

Бүгінгі мұсылман үмбеті, еліміздің кез келген азаматы қандай жағдай болмасын ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қоюы қажет. Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес.

Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламдағы төрт мәзһабтың ішінде халқымыздың табиғатына, ұлттық болмысына, салт-дәстүріне ең жақын дәстүрлі діни жолымыз – имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстануға үндейді. Исламда бір мәзһабта болудың хикметі көп. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды.

Алла Тағала жаны жайсаң, дархан жұртымызды бірлігінен айырмасын.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.