Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АҚСАҚАЛДАР СЕРТИФИКАТ АЛДЫ (ФОТО)

0 1  792

27-желтоқсан. Астана. Sunna.kz  «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде діни сауат ашу курсының шәкірттеріне сертификат табысталды.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының тапсырмасымен, мешітімізде сауат ашу дәрістері жалғасуда. Атап айтқанда, ақсақалдар, оқушылар, әйелдер жамағаты және күндізгі, кешкі ересектерге арналған аптаның әр күндерінде (бекітілген кесте бойынша) дәрістер жүргізіліп келеді. Осыған орай бүгін, Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде Бас имам Жұманазар Садырхановтың қатысуымен, жылдық сауат ашу курсын тамамдаған 30-ға жуық ақсақал арнайы сертификатқа ие болды. Сертификатпен қатар әр ақсақалға  еліміздегі бірден-бір тәпсірші-ғалым, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың «Тәпсір тұнығы» атты кітабының екінші шығарылымы тарту етілді.

Курсты толық бітірген ақсақалдар «Құран әліпесі», «Пайғамбар өсиеттірі» (Хадис), «Құран тәпсірі» («Тәпсір тұнығы») қатарлы дәрістер бойынша білім алып шықты.

Бұл сертификат – мешіт жанынан ұйымдастырылған «Сендердің ең жақсыларың Құранды оқып және оны басқаларға үйреткендерің» атты бір жылдық сауат ашу курсын толық бітірген шәкірттерге табысталады.

Іс-шара аясында ақсақалдар еліміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тыныштығы үшін өмірін берген ғазиз жандардың, өмірден өткен барша мұсылмандардың рухына Құран сауабын бағыштады.

Алладан елімізге амандық, халқымызға мол ырыс-несібе, жерімізге тыныштық тіледі. Сондай-ақ, жыл бойы ұстаздық жасап келе жатқан имамдар мен ұзтаздарға ақ батасын беріп, ризалықтарын білдірді. 

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.