Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МОҢҒОЛИЯ БАС МҮФТИІН ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)

0 1  616

Бүгін Алматыда ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Моңғолия мұсылмандарының Бас мүфтиі Батырбек Хадыспен кездесті.
Моңғолия мұсылмандарының Бас мүфтиі Батырбек Хадыс ҚМДБ төрағасы, Серікбай қажы Сатыбалдыұлын Бас мүфти болып сайлануымен құттықтап, жоғары лауазымды қызметіне сәттілік тіледі.

Кездесу барысында тараптар білімі толысқан имамдар тобын қалыптастыру, екіжақты тәжірибе алмасу, Моңғолияда тұратын қазақ ұлтының діни білімге құштар азаматтарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты діни-оқу орындарында білімін жетілдіру мәселелеріне қатысты пікір алмасты.

«Моңғолияда 150 мыңдай қазақ бар. Аллаға шүкір, қазақ халқы моңғол ағайындармен бірдей дәрежеде, осы елдің бір азаматындай күн кешіп жатыр. Әр азаматқа діни сенім бостандығы берілген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оқу орындарында имамдар даярлау, діни істерді бірігіп атқару, қазақ елінде өтетін әртүрлі діни шараларға бізден адамдар қатыстырып отыру, имамдардың өзара тәжірибе алмасуы сияқты жұмыстар алға қойылды. Келешекте, Алла қаласа, бұдан да кеңірек, келелі істер атқарамыз деген ойдамын. Өйткені, біз басқа мұсылман елдерінен гөрі, ең алдымен өзіміздің қара шаңырақ – Қазақ елінің діни ұйымдарымен бірігіп жұмыс істегіміз келеді», – деп атап өтті Батырбек Хадыс. 

ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы өз кезегінде Моңғолия мұсылмандарының Бас мүфтиі Батырбек Хадысқа жылы лебізін білдіріп, алғысын жеткізді.

«Біздің бауырлас халықтарымыздың арасындағы достықты нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңіз мол. Діни, рухани әріптестік дәрежесіне көтерілген байланыстарымыздың ортақ келешегіне сеніммен қарайтынымды білдіргім келеді», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы. 

Кездесу соңында екі тарап дінаралық келісімді қамтамасыз ету саласында алдағы уақыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға келісті. ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Бас мүфти Батырбек Хадысқа «Ұла дала темірқазығы» атты энциклопедияны сыйға тартты. 

 

 

 

 

  

Әсет Бектұр

 www.muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.