Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан «Әлжан ана» мешітінде «Сахабалар салған сара жол» тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
– Бұл тарих қойнауында қала беретін қиссалар емес. Тек, кітаптардың парақтарында қара сиямен жазылған күйде тұратын оқиғалар емес. Бұл қиссалар өзекті. Қазіргі таңда, жат ағымның торына түскен, жалған нанымның жетегінде кеткен жастар мұсылман ата-анасына қарсы шығуда. «Раббым – Алла, дінім – Ислам, пайғамбарым – Мұхаммед (ﷺ), кітабым – Құран, жаным да тәнім де – мұсылман» деген ата-анасына «кәпірсің» деп жатқандар кімнен үлгі алуда?! Саңлақ сахабалардың ешбірі ондай әрекетке бармаған. Әбу Лаһабтың бала-шағасы әкесіне қарсы шыққан. Дінсізге имансыз балалары қарсы шыққан. Әлде, ол жастардың үлгі тұтар адамы солар ма?
Құран оқыса да көмейінен ары аспаса, оның не пайдасы бар. Құранды тиләуат ету – үлкен сауап. Алайда, пайғамбарымыздың (ﷺ): «…Құран (қиямет күні) сенің пайдаға немесе саған қарсы куәлік етуші (кітап)», –деген сөзін жадымыздан шығармайық. Сахабалар «Кейбір Құранды оқушылар болады. Алайда, Құран оған лағнет айтады» деген сөздерінің астарында не жатыр. Анығында, Құран әмірлерін шеберлікпен мәнерлеп әуезді дауыспен оқыса да, иләһи бұйрықтарды мойындамай тұрған адам қарғысқа лайық.
Алла сөзі тиләует етіп, бірақ ата-анасының тілін алмаса ондай жастар кімді алдауда? Жаратқан Алланы ма?
Иә, «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» деген нақыл бар. Ханафи мазхабының мықтылығы оның бастауы – сахабаларға барып тіреледі. Бұл мектепке мөлдір нәр Пайғамбардан (ﷺ) тәлім алған тұлғалардан келіп тұр. Біздің де саңлақ сахабалардан алар үлгіміз көп болғай! – деді ҚМДБ наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан.