Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ: 2018 – «ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ» ЖЫЛЫ (ФОТО)

0 5  104

Астанада Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен өткен кезекті хаттамалық жиналыста биылғы жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы деп атау туралы ұсыныс бірауыздан бекітілді.

Жыл басында ҚМДБ төрағасына мұндай ұсынысты Ғұламалар кеңесі, мүфтият қызметкерлері мен облыстың бас имамдары жолдаған. Жолданған ұсыныстардың басым бөлігі бұл бастаманы қолдаған.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жылы деп жариялап, осы мерзім ішінде салт-дәстүріміз бен асыл дініміз кеңінен насихатталды. 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланып, тағылымға толы тарихымыз туралы бірнеше зерттеу мақалалар жарияланып, кітаптар жарық көрді, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

2018 – «Ислам және отбасы жылы» аясында «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шаралар өтеді.

Отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады. Мешіт жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығын» ашу жоспарлануда.

  ҚМДБ баспасөз қызметі

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.