20-сәуір. Астана. /SUNNA.KZ/ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Сонымен бірге қасиетті жұма намазын өткізді.
«Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» дейді. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқанын меңзейді.
Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық мәселенің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет – жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты мақал-мәтелдер де айтқан.
Ниет ғибадаттарда шарт пен парыз ретінде маңызды. Кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Яғни бұдан шығатын қорытынды: ниетсіз ешбір іс болмайды.
Ниет етпей ұстаған ораза арнайы мақсат етіліп ұсталған ораза ғибадатына жатпайды. Жай бір әдетке айналған амал болып қалады. Алайда Алла разылығы үшін ниет етілген әдеттер ғибадатқа айналатынын білген жөн.
Ниетте негізгі шарт – ықылас. Ықылас болмаған барлық істің ешбір маңызы жоқ. Ниетінде тек Алланың разылығын алуды көздесе, әрбір әрекетінен сауапқа ие болады. Ықылас жоқ болған амалдар ешбір пайда әкелмейді. Адамның әрбір істеген істерінің қандай ниетте болғаны сұралады. Жасаған амалдарын қандай мақсатта істегенінің есебі сұралады. Алла елшісі (с.ғ.а.): «Қиямет күні Алла Тағала дүние тіршілігінде айтқан уағызын қандай мақсатта айтқанына дейін сұрамайтын ешбір пенде болмайды». Негізгі мақсатың не? Қандай ниетпен сөйледің? Алланың разылығын алуды ма әлде халықтың көзіне түсу үшін бе? деген сұрақтар қойылатын болады, – деді ҚМДБ наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі