Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АЛМАТЫДА VІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ БАСТАЛДЫ

0 2  185

Бүгін Алматы қаласы Орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бастамасымен ұйымдастырылған Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан VІІ республикалық Құран жарысы басталды.

Алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазрет:

«Құран жаттау, оны үздіксіз оқып жүру үлкен сауап. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ендеше, Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!» – деген. Демек, осында жарысқа келіп, Құранды тыңдаудың өзі үлкен сауап және Алланың рақымын жақындатады», – деп Алланың мұғжиза ретінде түсірген Кітабының мәртебесін түсіндірді.

Еліміздің 17 өңірінен келген 63 қари толық Құранды, 20 параны, 10 параны жатқа оқу және мәнерлеп оқудан бақтарын сынауда. Олардың әрқайсысы өз өңірлеріндегі облыстық Құран жарысының іріктеуінен өз номинациялары бойынша жүлделі І орынды иеленген топтан оза шапқан қарилар. Үміткерлердің Құран оқудағы қағидаларды дұрыс сақтауын жан-жақты қадағалайтын Садуахас қари Сағындықұлы, Кәмілжан қари Юлдашұлы, Данияр қари Әлимұхаммедұлы, Еркінбек қари Керімбекұлы және Ерсін қари Бекайдарұлы секілді еліміздің танымал қарилары әділ бағасын беруде.

Таңның шапағымен ілесе басталған Алланың қасиетті кітабы Құран Кәрімді оқу жарысы кешкі құптан намазына дейін Алматы қаласы Орталық мешітінде жалғаспақ.

Толық Құранды жатқа оқудан І орынды иеленетін үміткерге жеңіл автокөлік берілетін болады. Ал, басқа да жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлық әзірленген.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі ертең, 26-шы сәуір күні сағат 10:00-13:00 аралығында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.