Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ДІНИ КӨШБАСШЫЛАР ҚАУІПСІЗ ӘЛЕМ ЖОЛЫНДА

0 11  326

Биыл қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  VI съезі елордада өткізу жоспарланған. Форумның басты тақырыбы «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» деп аталады. 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан кезекті алқалы жиынға көрнекті діни қайраткерлер мен беделі биік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қазіргі замандағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасатын болады.

Елбасының ұйытқы болуымен елімізде үш жыл сайын өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінде діни көшбасшылар арасында сенім мен өзара түсіністік туралы келісімдер қабылданып, қарарлар мен уағдаластықтар орнап, бұл құжаттар осы саладағы ортақ мәселелерді бірігіп шешуге, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Форум арқылы діндердің бір-біріне жуыспайтын, келіспейтін тұстарынан гөрі, бір-біріне рухани жақын жақтарының басымдығына аса зор мән беріп келеді. Дәстүрлі діндер мазмұнында жалпы адамзатқа ортақ қағидалар бар. Олар діндерді бір-бірімен үйлесімді ынтымақтастыққа үндейді. Бұл – діндердің бітімгершілік күші кез келген қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.

Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының форумы уақыт өткен сайын да беделі өсе түсетіні анық. Дәстүрлі діндердің ішінде күллі әлемнің ынтасын өзіне аударып отырған ислам діні екені даусыз. Бүгінде ғалымдар мен сарапшылар асыл дініміз туралы көптеген тұжырымдарды ой елігінен өткізіп, жан-жақты пікір айтуда. Әсіресе, дін атын жамылған терроризм мен экстремизм мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған бүгінгі кезең үшін дін қайраткерлерінің үні, бастамасы маңызды. Уақыт өте келе дін мен терроризм арасында ешбір байланыс жоқтығы айқын дәлелденді.

«Расында, дін дегеніміз – жеңілдік. Діннен асып түсем деп тыраштанған адам бәрібір түбінде діннен жеңіліс табады. Ендеше, әр істе тура һәм орта жолды ұстаныңдар. Әр істі мейлінше кемеліне жеткізіп орындауға тырысыңдар. Міне, сонда қуана беріңдер…». Бұл – ақырғы елші Мұхаммед пайғамбардың сөзі, ислам дінін қиындатуға, құлшылық мәселесінде шамадан тыс тыраштануға, әсірелікке бой алдыруға  болмайтынын меңзеп тұр емес пе?! Мұндай жағдай орын алғанда адамды діннен бездірері сөзсіз. Тіпті, ел-жұртты да діннен мезі етуі де мүмкін. Демек, бұл исламның рухына жат екені аңғарылады.

Олай болса, діннің атын жамылып, төңірегін даулы мәселелерге айналдыру «діннен асып түсем» деп тыраштанғандардың әрекеті ғана… Мұндайда қазақтың «Тым қырғыш қазанның түбін теседі» деген нақылы  еске түседі.

Бүгінде адамзат қоғамын өркениеттің шыңына шықты деп есептеп жүргенімізбен, әлі де бір-біріне дұшпандықтан, жауласу немесе өш алу сезімдерінен арыла алмаған секілді. Бұл мәселе уақыт өткен сайын қайта күрделеніп бара жатқанын аңғаруға болады. Санасында сәулесі бар жандар оны біліп, көріп қана қоймай, «Осы адам баласына не жетпейді?» деген заңды сұраққа жауап іздеп әлек. Адамның жауы – адам болған соңғы жылдары әлемдегі лаңкестік және террористік әрекеттерден бейкүна пенделердің қаны төгілуі кез келген саналы адамды ойландырары сөзсіз.

Әлемде дін атын жамылған радикалды топтардың түрі көп. Сондай содырлық тобырдың қатарына қосылуды мақсат етіп, бейбіт күнді тәрк етіп, шекара асып, шалыс басқандардың тағдыры да алаңдатарлық. Өткен ислам тарихына көз салсақ, Мұхаммед пайғамбар да өз уақытында жəне одан кейінгі халифалар да өзіне шабуылдаған жауға қарсы соғысып, Отанын қорғағаны белгілі. Алайда, түтіні түзу ұшып, тыныш өмір сүріп жатқан елге барып қантөгіс жасамаған. Мұхаммед пайғамбар мұсылман əскерлеріне үнемі: «Алла атымен аттаныңдар, Алланың жəне Елшісінің дінімен жүріңдер.

Қарт адамды, баланы, əйелді өлтірмеңдер…», деген. Ал атақты халифа Əбу Бəкір: «Əйелді, жас баланы, қарт адамды өлтірмеңдер. Жеміс ағашын кеспеңдер. Ғимараттарды қиратпаңдар. Қой мен түйені тек жеу үшін ғана бауыздаңдар…», деп, жанды-жансызға түгел аяушылық сезімін білдірген. Адам баласы бүгінде азулы аңдардан, табиғаттың дүлей құбылыстарынан қорықпайды. Есесіне, өзінің бауыры – адам баласынан үрейленіп өмір сүруде. Қай жерге барсаңыз да, үйлердің, мекемелердің барлығы дерлік қарулы күзет арқылы қорғалып тұрғанын көресіз.

Неге? Себебі, адам адамнан қорқатын заман туды. Біз адам адамды сүю арқылы ғана әлемде тыныштық орнайтынын ұмытқан секілдіміз. Осындайда Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлағатты ойы еске түседі. Бұл даналықтан тек мұсылманды сүйіп қою жеткіліксіз екендігін, барша адамзатты сүюдің өзі бір хикмет екенін түсінуге болады. Бүгінде әлемде бойларын қатыгездік пен қанішерлікке толтырып, адам жанын, рухын түңілдірер оқиғалардың бел ортасында жүрген террористік ұйымдардың әрекеттері жер жүзін алаңдатуда.

Олардың бұл пейілдеріне, істеріне дін ғалымдары «Алланың берген аманатына, Отанына, отбасына жасап жатқан қиянаты» деп баға беруде. Адамзаттың ардақ тұтар пайғамбары Мұхаммед қоштасу қажылығында: «Ақиқатында, сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды…», деп өсиет еткен. Демек, жазықсыз адамға оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат берілмейді. Бұл – исламның басты қағидасы. Осы ретте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 жаңа оқулықтың» алғашқы сериясын таныстыру рәсімі кезінде діни білімнің маңыздылығына ерекше тоқталып өткен болатын.

«Жалпы, бәрімізге білімді шыңдап отыру қажет. Әйтпесе, бәріміз дінде жүрміз, бәрі намаз оқиды. Бүгінде жұрт қаптап мешітке барады. Ал ішіндегі санасы мен түсінігі қандай? Құр әшейін, елмен бірге шуылдап жүре беру керек деп ойлайды. Олай емес. Әрбір нәрсенің өзінің мағынасы бар. Соның бәрін дүниежүзінде кеңінен талқылаған, түбіне жеткен» деп атап көрсетті Елбасы. Демек, адамзат үшін қазіргі ең үлкен мәселе – сауатсыздықпен күрес болуы тиіс. Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін.

Исламда ізгілік жасау, қамқорлық, мейірімділік үстемірек. Керісінше, зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымайтын ағайын-туыспен қарым-қатынасты үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен араласудан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар еш уақытта болмаған. Сондықтан қандастарымыз, қаракөздеріміз, намысты азаматтарымыз адасқандардың сойылын соғып кетпес үшін елімізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары соңғы жылдары қарқын алуда.

Жастарға Отанын, дәстүрін, дінін, ділін құрметтейтіндей сезім, ақ пен қараны ажырата аларлық терең білім берілу керек. Айбынды жастарымыздың рухы биік, намысты болса, теріс пиғылдылардың санамызға тісі батпайды, жерімізге табаны тимейді. Елімізде қазан айында өткізілгелі отырған дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысушылар да осындай моральдық құндылықтарды кеңінен талқыламақ. Себебі, дәл осындай күрделі кезеңде дін қайраткерлерінің үні айрықша екенін жеткізгім келеді. Қазақстан әлемге өзін этносаралық және діндер мен конфессиялар арасында татулық орнаған бейбітсүйгіш, толерантты ел ретінде танытып үлгерді.

Мемлекетімізде 140 этнос өкілдері мен 40 конфессиялық топ татулық пен өзара түсіністікте өмір сүріп келеді. Бұл – жалпы қазақ елінің болмысына тән ерекше қасиеттердің бірі. Сондай-ақ елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай дінаралық кикілжіңдердің орын алмауын Елбасымыздың көреген саясатының жемісі ретінде де ерекше атап өтуіміз қажет. Неге десеңіз, әлемдегі кейбір саясаттың сарынын айқындауға тырысқан стратегтер «өркениеттер қақтығысын» алға тарта отырып, оған әлемдік діндер түрткі болады деп болжам жасады.

Болжам жасаумен ғана шектелмей, мұны саяси призмаға айналдырып, әлемде орын алып отырған қақтығыстарды дінге апарып тіреді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі саяси трендтердің бәрін жіті назарға ала отырып, барлық адамзат жұмыла жұдырық болып, мұның қате ұстаным екенін көрсету үшін Астана қаласында 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезін өткізді. Съезд идеясының көптеген ықпалды саясаткерлер мен әлемдік деңгейдегі дін жетекшілері тарапынан үлкен қолдау тапқаны мәлім.

Содан бері бұл съездер әр үш жыл сайын еліміздің елордасы –Астана қаласында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да еліміздегі осы ұстанымды қолдап, түрлі дін және конфессия өкілдерімен елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында еңбек етіп келеді. Бұл – жалпы мемлекеттік ұстаныммен қатар, ислам шариғатының көздеген негізгі мақсаты. Ислам діні атауының өзі бейбітшілікті білдіреді. Ибрахимдық діндер арасындағы тарихта алғашқы үнқатысудың Алла тағаланың жол көрсетуі арқылы, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) заманында, 622 жылы Мәдина қаласында орын алғанын атап өтсек жеткілікті деп санаймыз. Әйтпесе, ислам тарихында оның үлгісі өте көп.

Алау Әділбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.