Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ күресінен ҚМДБ жүлдесі Айбек Нұғымаровқа бұйырды (ФОТО)

0 1  620

Астанадағы «Дәулет» спорт кешеніне жиылған жанкүйер қауымның жүрегін дүбірлетіп, жамағаттың делебесін қоздырған V Республикалық турнир өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 39 балуан бүгін бозкілем үстінде намысы мен қайратын қатар сынға салып, дүбірлі додаға түсті. Бірінен-бірі әдіс-айласын асырып, дүйім спортсүйер жұртшылық алдында шеберліктерін көрсете білген балуандар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Еліміздің барлық аймақтарынан бас қосқан апайтөс, атан жілік жігіттердің арасынан қарсыласын қапы қалдырып, жауырыны жер иіскемеген семейлік Айбек Нұғымаров ҚМДБ жүлдесі үшін ұйымдастырылған V Республикалық турнир жеңімпазы атанып, бас жүлде «Қажылық жолдамасын» жеңіп алды. Айта кетейік, сайыстың биылғы шарты бойынша балуанның бапкеріне де қазақ күресінің дамуына сіңірген еңбегі үшін қажылық жолдамасы беріліп отыр.

Төрешілер шешімі бойынша турнирдің жүлделі ІІ-орны Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Мұхит Тұрсыновқа бұйырды. 39 балуанның ішінен тек Айбек Нұғымаровқа қана есе жіберген балуан мен оның бапкеріне «Кіші қажылық жолдамасы» берілді.

Ал, ІІІ-орын жүлдегеріне тиесілі «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру орталығының жолдамасы Қызылорда қаласынан келген Исағабылов Мақсатқа бұйырды. Балуанның бапкеріне де шипажайға жолдама тарту етілді. 

Сондай-ақ, жамағаттың ерекше ықыласына бөленген Шымкент қаласының балуаны Шамшидинов Қайсар «Көрермен көзайымы» атанып, жаттықтырушысымен бірге атаулы сыйлыққа ие болды.

Сайыс жеңімпаздарын марапаттап, спорт саласындағы еңбектеріне жеміс тілеген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ұлттық қазынамыз Қазақ күресін халық арасында кеңінен насихаттауда осындай шаралардың маңызы айрықша екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жеңімпаздарға үлкен қажылық және ұмра қажылық жолдамасына «Нұр-Қазақстан», «Tawaf travel», «Хидаят нұр», «Хикмет» қажылық компаниялары демеушілік жасады.

ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.