Астананың бас имамы Наурызбай ӨТПЕНОВ бес баласы бірдей мерт болған отбасына үй алып берейін деп жатқандарын, бұған қазірдің өзінде біраз ақша жиналғанын айтты.
NUR.KZ-тің хабарлауынша, үй Хазірет Сұлтан мешітінің атынан алынады. Ал, мешіттің ұйымдастыруымен жиналған қаражат түгелдей қаралы отбасына табысталады. Олар ашқан шотқа қазірдің өзінде ақша салушылар легі тоқтаған жоқ.
«Біз ата-анасымен сөйлестік, ақылдаса келіп, Алла қаласа мешіттің атынан үй алып береміз деп шештік. Солай келістік. Олар өздерінің қалауын айтты, Алла қаласа, біз көмектесеміз, — деді бас имам.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде таралған видеода мешітте ұстаздық етіп жүрген Мақсатбек ҚАЙЫРҒАЛИЕВ қазір арнайы көмек үшін 13,4 млн теңге жиналғанын, ол түгелдей қаралы отбасына берілетінін мәлімдеді.
Бүгінгі жерлеу рәсімінде мерт болған балалардың туыстары оларға азық-түлік, жиһаз және ең қажетті деген заттармен қамтамасыз ету туралы көпшіліктен өтінді. Өйткені, өрт кезінде отбасы тұтынып келген бүкіл зат жанып кеткен.