Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясына сапары барысында «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» дөңгелек үстеліне қатысып, арнайы баяндама жасады.
«Ислам – рақым мен мейірімнің, бейбітшілік пен әділеттің діні. Ол адамзатқа бейбіт өмір мен өзара сүйіспеншілікті насихаттайды. Құранда: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Сен (жамандыққа) ең көркем түрде жауап бер...» («Фуссиләт» сүресі, 34-аят) делінген. Біз өзара түсіністік пен құрметке негізделген диалогты дамытуымыз қажет. Бұл дөңгелек үстел – діндер арасындағы жаңа, сындарлы серіктестіктің бастауы болсын», – деді Бас мүфти.
Айта кетейік, дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Дүниежүзілік ислам лигасы мен Қазақстандағы Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман Әл-Зайд ынтымақтастықты арттыру, Астанада ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған халықаралық көрме өткізу және Ислам өркениеті мұражайын салу туралы бастамаларды талқылады.