«Елбасының осы жолы халыққа жолдаған үндеуінің ерекшелігі – жұртымыздың әлеуметтік мәселесіне басымдық берілуінде. Президентіміз өз сөзінде студенттерге жатақхана салу, оларға қосымша оқу гранттарын бөлу, баспана алуға мүмкіндіктер жасау, Астана қаласын газбен қамтамасыз ету, міне, осы сынды әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Расында, Астана мен Алматы секілді республикалық маңызы бар ірі қалалардан баспана алу кез-келген адамға бұйыра бермейтін нығмет. Алайда, Елбасының кеше жолдаған үндеуінде бұл мәселе болашақта оңай шешімін табатын болды. Президенттің бұл бағыттағы жолдауы жұртымыздың жігерін оятты», – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде сөз алған ДІАҚМ Дін істері комитетінің бас сарапшысы Нұрғали Қабылов: «Осынау ақжолтай жаңалықтар мен мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан игі бастамалар мүфтияттың насихат жұмыстары барысында тілге тиек етілгені жөн», – деген тілегін жеткізді.
ҚМДБ баспасөз қызметі