«Астана» медресесіне шолу:
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ашылған медресе биыл 7-ші түлектерін ұшырды. Осы уақытқа дейін «Астана» медресесінде білім алған 232 шәкірттің бірталайы бүгінде білімін жалғастырса, бірқатары қызметке орналасып, мешіт-медреселерде, басқа да мекемелерде жұмыс істеп жүр. Мәселен, медресені тәмамдаған шәкірттердің 38-і грантқа ілігіп, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінде, 3-еуі «Әл-Әзхар» университетінде, 6-ы Түркия Республикасы «Хасеки» медресесінде, 3-еуі Халықаралық Қазақ Түрік университетінде білімін ары қарай шыңдады.
Медресенің оқу жоспарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен. Медреседе жоғары діни білімді 15 ұстаз бар. Сонымен бірге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр елінің «Әл-Әзхар» университетінің серіктестігі негізінде 2 араб оқытушы сабақ береді. 1 оқытушының докторлық (тарих, филология салалары бойынша), 3 оқытушының магистрлік (дінтану магистрі) дәрежесі бар.
Медресенің материалдық-техникалық базасы білім заңдарында көрсетілген талаптарға сай келеді. Оқу корпусы 2 қабаттан тұрады, салыну алаңы 706 ш.м2.,жалпы алаңы 588,40 ш.м2. Бірінші қабатта – оқу аудиториялары, екінші қабатта – әкімшілік және оқытушылар кабинеттері орналасқан. Оқу корпусы қажетті жиһаздармен, ұйымдастыру техникасы, компьютер класымен толық жабдықталған.
Оқу ғимаратына іргелес 110 орынға арналған 3 қабатты, жалпы алаңы 1426,4 ш.м2медресенің жатақханасы бар. Онда конференц-зал, асхана, медициналық пункт және, тренажерлік жаттығу бөлмесі орналасқан. Сондай-ақ, арнайы оқу залымен қамтылған медресе кітапханасында 4 мынға жуық кітап қоры бар.
Астана медресе-колледжінің шәкірттері еліміздегі 9 медресенің арасында өткен Республикалық білім сайысында екі рет бас жүлдені иеленді.
Шәкірттер жазғы демалыс уақытында еліміздің түрлі мешіттерінде іс-тәжірибеден өтіп, жазғы сауат ашу курсында жас бүлдіршіндерге сабақ береді.
Сабақтан тыс уақытта шәкірттер түрлі рухани-мәдени шараларға қатысады, спортпен шұғылданады, Қазақ елінің сұлу да әсем табиғатын тамашалап, саяхатқа шығады.
Медресені бітіруші түлекке мемлекеттік үлгідегі техникалық және кәсіптік білім туралы диплом табысталып, "0112013–Имам-хатиб" біліктілігі беріледі.
ummet.kz