Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәууәлдің алты күндік оразасы жайлы

0 403
Әбу Айуб әл-Ансари Пайғамбарымыздың ﷺ: «Кімде кім рамазан айында ораза тұтып, оған шәууәл айының алты күнін қосып ауыз бекітер болса, бір жыл бойы ораза ұстағанмен тең болады», – деп айтқанын жеткізеді.

Шәууәл айы рамазан айынан кейінгі ай болғандықтан, бұл айды да оразамен өткізуге тырысамыз. Шәууәл айындағы ораза рамазандағы парыз оразадан кейін ұсталатын болғандықтан, парыз намаздың артынша оқылатын сүннет намазымыз іспетті.

Сәубан Алла елшісінің ﷺ: «Рамазан айының оразасы он ай бойы ауыз бекіткенмен тең. Ал шәууәл айының алты күндік оразасы екі айы ауыз бекіткенге тең. Барлығын қосқанда бір жыл ораза тұтқан болып саналады»,- дегенін жеткізеді.

Алты күндік оразаның берекеті

Әуелі, сауап. Рамазан айы бойы ораза тұтып болған соң, тағы да алты күн аузын бекіткен жан жоғарыдағы хадистерге сәйкес, бір жылдық оразаның сауабына кенеледі.

Кемшіліктердің орынын толтыру. Шағбан мен шәууәл айларындағы ораза сүннет намаздар секілді. Олай болса, бұл қосымша тұтқан оразамыз рамазан айындағы парыз оразамыздың кемшіліктері болса, орынын толтырады.

Есеп күні де біздің нәпіл құлшылықтарымыз көптеген кемшін құлышықтарымыздың орынын жауып жатады. Баршамыздың рамазан айындағы кемшілігіміз бар әрі сол кемшіліктердің орынын толтыруға бұл ай таптырмас кезең болмақ.

Қабыл болған оразаның белгісі. Рамазан айынан соң бірден ораза ұстауды қолға алу – қабыл болған оразаның нышаны. Алла Тағала біздің құлшылықтарымызды қабыл еткенін құлышылығымыздың толассыз жалғасуының жеңіл болғанынан аңғарамыз.

Шәууәл айының оразасын қалай тұту керек?

Бұл мәселеде бірнеше көзқарас бар: Кейбір ғалымдар шәууәл айының екінші күнінен бастап алты күн қатарынан ораза ұстау керек деп санайды. Бұл көзқарасты Әш-Шафиғи мен Ибн әл-Мубарака ұстанған.

Өзгелері болса, бұл алты күнді шәууәл айы аяқталғанша, арасында үзіліс жасап ұстаған жөн деседі. Бұл пікірді Ахмад бин Ханбал мен Уақи қолдаған.

Үшінші көзқарасты ұстанатын ғалымдар бұл оразаны шәууәлдің екінші жартысында ұстаған абзал деп санайды. Яғни, айт күні аяқтала сала емес, айдың ортасындағы үш күнге (әйиәм әл-бид, 13-14-15 күндері ұсаталатын нәпіл ораза күндері) тағы үш күнді қосып ұстауды дұрыс деген. Бұл көзқарасты Мамар мен Абд әл-Раззақ ұстанады.

Дегенмен, бұл көзқарастардың әрқайсысында біздерге пайда бары анық. Ал, біз, өзімізге қай көзқарас жеңіл болады деп санасақ, соны таңдай аламыз.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.