Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рахманға сүйікті болған екі ауыз сөз

0 1  817

Алланы жиі еске алу – мұсылман үшін келелі істердің бірі. Олай болмағанда Құдіретті Құдай Тағала «وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ» яғни «Алланы еске алу – құлшылықтың төресі[1]» демес еді.

Тіпті Құран адам баласының нағыз жетістікке жетуін Алланы жиі еске алумен байланыстырады:

«وَاذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا لَّعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ» яғни «Нағыз жетістікке жету (екі дүниенің де бақытына кенелу) үшін Алланы көп-көп еске алыңдар[2]».

Әрі бұл іс – адамның қаперсіздердің қатарынан болмауының нышаны. Ол жайында «Ағраф» сүресінде былай делінеді:

وَاذْكُر رَّبَّكَ فِي نَفْسِكَ تَضَرُّعًا وَخِيفَةً وَدُونَ الْجَهْرِ مِنَ الْقَوْلِ بِالْغُدُوِّ وَالْآصَالِ وَلَا تَكُن مِّنَ الْغَافِلِينَ

«Раббыларыңды іштей жалбарынған, именген күйде және бәсең дауыспен ертелі-кеш еске ал. Қаперсіздердің қатарына қосылма»[3], – дейді.

Құран Кәрімде бұлайша ыждағатталуы бұл істің маңыздылығын арттыра түседі. Себебі, Алланы еске алу формасы көп.  Намаз оқу да, Құран аудару да, тәсбих тарту да, дұға жасау да, жаратылыс жайында пікір жүргізу де – Алланы жиі еске алу. Ендеше, аталған істердің формасы өте бай емес пе.

Ал, уақыты жағынан Алланы еске алудың мүмкіндігі тіптен көп. Үш зауал уақытта намаз оқылмайды. Бірақ ол уақыттарда Алланы еске алуға ешқандай тыйым жоқ.

Орыны жағынан да жүріп бара жатып та, отырып та, тұрып та, тіпті жатып та Алланы еске алуға болады.

إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاخْتِلَافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لَآيَاتٍ لِّأُولِي الْأَلْبَابِ * الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىٰ جُنُوبِهِمْ

«Расында, жеті қат аспан мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында ақылды адамдар үшін көптеген ғибрат аларлық белгілер (айқын дәлелдер) бар. Олар тұрып та, оырып та, жантайып жатып та үнемі Алланы еске алады» делінеді[4].

Сонымен бірге, Алланы зікір ету – мазмұны бай болған ғибадаттың бірі. Құран мен сүннетте келетін дұғалармен Аллаға мадақ айту, кешірім сұрау, пәктеу, ұлықтау. Сонымен қатар ғалымдар бір ауыздан рұқсат берген кейбір дұғаларды айту, жаратылысқа ой жүгіртіп, Абайша айтқанда «Алланың хикметін сезінудің» өзі Алланы еске алу. Бұлардың мазмұны аз ба? Әрине, аз емес. Сол үшін де ол құлшылықтың төресіне баланып отыр.

Қала берді Алланы еске алудың аз ғана мазмұнының өзі ерекше мәнге ие болғандықтан дүние-ақыреттік пайдасы орасан. Мәселен, мына бір хадисті айталық:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ صلى الله عليه وسلم: كَلِمَتَانِ خَفِيفَتَانِ عَلَى اللِّسَانِ ثَقِيلَتَانِ فِي الْمِيزَانِ حَبِيبَتَانِ إِلَى الرَّحْمَنِ سُبْحَانَ اللَّهِ وَبِحَمْدِهِ سُبْحَان اللَّه الْعَظِيمِ

Әбу Һурайра (р.а.):

«Расулулла (с.ғ.с.): «Тілге жеңіл, таразыда ауыр басатын, әрі Рахманға сүйікті болған екі сөз – «Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллаһил-Азим (Аллаға сансыз мақтау мен шүкіршілік айта отырып, Оны кемшілік атаулыдан пәктейміз. Ұлы Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк)», – деп айтты», – деген[5].

Ендеше, Алланы еске алу да «Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген, Бір қызық ісім екен сұм жалғанда».

Оразбек САПАРХАН

[1] «Анкәбут» сүресінің 45-аятында.

[2] «Жұма» сүресінің 10-аяты.

[3] 205-аяты.

[4] «Әли Имран» сүресі,, 190-191 аяттар.

[5] Бұхари, Дағауат 65; Муслим, зикр 31.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.