Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жас сахабалар бейнесі

0 366

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Алланың соңғы елшісі Мухаммедке (с.ғ.с.) иман келтірген, серіктес болған, исламның туын көкке көтеріп, ең алғашқы ауыртпалықтарды қабылдаған сахабалардың түгелге дерлігі жастар еді. Тіпті Зубайр ибн Аууам, Әлилер он жасқа да толмаған сәби болатын. Сол кездегі жасы үлкен сахабалардың бірі – Әбу Бәкір небәрі отыз сегіз жаста еді.

Ұлы жас сахабалардың қайталанбас өнегелі өмірінен мысалдар келтіретін болсақ:

Бірінші көрініс: Бұл ұлы сахаба Аллаға иман келтірген кезде он жастағы бала еді. Кейбір деректер бойынша ер адамдардан ең алғаш ислам қабылдаған адам. Ол Әбу Талиб ұлы Әли. Көп ғалымдар оның даналығын, парасаттылығын, ақыл ұшқырлығын ерте кезден исламда тәрбиеленгенімен түсіндіреді. Өйткені сәби санасын сол кездегі қоғамдағы арсыздықпен лайлап үлгермеген.

Имам әл-Бағауи Алла одан разы болсын алғашқы иман келтірген адам жайында: Пайғамбарға (с.ғ.с.) жұбайы Хадишадан кейін иман келтірген адам жайында әртүрлі пікірлер бар. Ибн Исхақ, Мұжаһид сынды ғалымдар Әлидің ер адамдардың ішінде ең алғаш ислам қабылдаған деген ұстанымда. Ибн Аббас, әш-Шағби, Ибраһим ән-Нахағи Хадиша анамыздан кейін исламға келген Әбу Бәкір деген тұжырымда. Көпшілік ғалымдар бір ауыздан ер адамдардан ең алғаш ислам қабылдаған Әбу Бәкір, әйелдерден Хадиша, сәбилерден Әли ибн Әбу Талиб, құлдардан Зайд ибн Харис дегенге келіседі.

Ислам қабылдауы: Әли бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) мен жұбайы Хадишаның намаз оқығанын көрді. Мұны көрген Әли пайғамбарға (с.ғ.с.): «Бұл не?», деп сұрайды. Ол (с.ғ.с.) оған бұл ислам дінінің әмірі екенін, оны бүкіл адамзат үшін пайғамбар етіп таңдағанын және оны да барлық күпірлік атаулыдан бас тартып, жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақыратынын жеткізді. Сол кезде бала Әли бұған дейін бұндай нәрсені көрмеген, әкесіне хабардар етіп, рұқсат сұрағысы келетінін жеткізді. Алайда пайғамбар (с.ғ.с.) оны қаламады өйткені ол кезде исламға әлі жасырын шақырылатын кезең болған. Сол кезде Әли түні бойы ойланып, мынандай ойға келеді: «Мені Алла жаратқанда әкем Әбу Талибтен рұқсат сұраған жоқ қой, не үшін мен Оған құлшылық қылу үшін әкемнен рұқсат сұрауым керек?» – дейді де ертесіне пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп ислам қабылдайды және ислам қабылдағанын әкесіне білдірмей жасырып жүреді. Міне сол кездегі сәбидің пайымы, ойлау жүйесі осылай болатын.

Екінші көрініс: Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүйіктісі деген атқа лайық болып, 18 жасында мұсылман әскерінің қолбасшысы болған Усама ибн Зайд еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін де Әбу Бәкірдің кезеңінде мұсылман әскерін басқарып, үлкен жеңістерге жеткен. Ол әскербасшы болып тағайындалғанда кейбір сахабалар тарапынан таңданысын тудырған, тіпті оны одан үлкен сахабаға ауыстыруды да өтінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұған ашуланып, Усаманың бұл істе араларыңда ең абзалы, мен үшін ең сүйікті адамдардың бірі деп оған бағынуды әмір еткен. Бұдан алынар ғибрат дана Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жастарға демеу берген, иек артқан, сенген. Тіпті Ухуд соғысында да соғысу жөнінде екі түрлі пікір ұстанғанда жастардың пікірін қолдап соғыс алаңына шығады.

Үшінші көрініс: Бұл «үмметтің сиясы», «Құранның тәржіманы» атанған Абдолла ибн Аббас еді. Атақты сахабалардың ішінде жас Абдолла Құранды түсінуде басқа сахабаларға қарағанда бір адым ілгері тұрған. Осы орайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ибн Аббасқа былай дұға жасаған:

اللَّهمَّ فقِّهْهُ في الدِّينِ وعلِّمْه التَّأويلَ

«Алла Тағала оған дін ілімін беріп, тәуилді үйрет»[1].

Басқа бір жолы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған былай деп өсиет айтады:

عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ كُنْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا، فَقَالَ: «يَا غُلَامَ، إِنِّي أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظُكَ، اِحْفَظِ اللهَ تَجِدْهُ تِجَاهَكَ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ، وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُواْ عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الأَقْلَامُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ».

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) артында келе жатқанда Ол (с.ғ.с.) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[2], – деді.

Алғыр жастарды пайғамбар (с.ғ.с.) жас кезінен-ақ байқайтын. Сахабалардың ішінде Ибн Аббас жас та болса да Құранның ең білгірі еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыдағы өсиетін бойына сіңіріп, өмір бойы осы нұсқаулардан шықпады.

Төртінші көрініс: Құранды жетік білген сахабалардың бірі – Амру ибн Салмә. Сәби кезінен Құранға деген құштарлығы танылып, қауымының намаз өткізетін имамы болған. Сол уақытта оның жасы небәрі жетіде ғана еді. Сол қауымға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Намаз уақыты келген кезде араларыңа біреуің азан айтып, құранды көбірек білетіндерің имам болсын» деген сөзі жеткенде араларында Құранның ең білгірі – Амру ибн Сәлмә еді.

Бұл қиссадан алынар дәріс қауымның ішінде жасы үлкен сахаба болса да баланы кіші көрмей Құранды көп білгені үшін имамдыққа ұсынуы, бұл тәрбиелік тұрғыдан алғанда жас жеткіншектердің ерте жетілуіне, жауапкершілікті мойнына алуы үшін көрсетілген үлгі. Екінші алынар дәріс жас баланың тартынбай өзінің қадірін түсініп, артылған міндетті абыроймен орындауы.

Бесінші көрініс: Жас сахабалардың пайғамбар (с.ғ.с.) жорықтарына қатысуы.

Ухуд соғысына жорыққа шығарда Пайғамбар (с.ғ.с.) әскерін зерттеп, ондағы жасы кіші және айқасқа жарамайтындарды кері қайтарды. Олардың арасында Абдулла бин Омар бин әл-Хаттаб, Усама бин Зәйд, Усайд бин Захир, Зәйд бин Сабит, Зәйд бин Аркам, Араба бин Аус, Амр бин Хазм, Абу Саид әл-Худри, Зәйд бин Хариса әл-Ансари және Сад бин Хабба (Алла оларға разы болсын) болған.

Ал, Рафи‘а бин Хадиж бен Самура бин Жундуб жайлы (Алла оларға разы болсын) айтатын болсақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) алғашында жастықтарын ескеріп қатыстырмағанымен кейін олардың қалуына рұқсат еткен. Өйткені Рафи‘ бин Хадиж садақтан жақсы ататын болған. Пайғамбар (с.ғ.с.) оның қалуына рұқсат еткенде, Самура: «Мен Рафи‘қа қарағанда күштірекпін, неге Рафи‘ды алып мені алмады», – деп үйіне жылап келеді. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) оның айтқан сөздерін әкесі жеткізгенде, ол екеуін күрестіреді, сонда Самура Рафи’ты жеңіп, Пайғамбар (с.ғ.с.) екеуінің де қалуларына рұқсат етеді.

Осы секілді көріністер пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының өмірінде көптеп кездеседі.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Sunna.kz

[1] Ибн Хиббан хадистер жинағы

[2] Тирмизи хадистер жинағы

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.