Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) балалық шағы

0 749

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Меккенің ауарайы қолайсыз болғандықтан халық арасында жаңа туған баланы төңіректегі тайпалардан сүт-ана тауып, сол жерде бақтыру әдеті болған.

Деректерге сүйенсек, Расулулланы (с.ғ.с.) хазірет Әмина үш күн, Суәйба деген әйел екі күн емізген екен. Ал, одан кейін Сағд деген тайпаның ішінде Халима деген кісі емізіп баққан. Сондықтан, тарихи кітаптарда сүт-анасы ретінде осы кісінің есімі көп айтылады.

Халима анамыз ол кісіні өз баласынан да артық жақсы көріп, басынан құс ұшырмай мәпелеген. Бізге жеткен деректерге қарағанда, хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) баруымен бұл отбасына көптеген берекет дарыған екен. Айталық, бірде Халиманың күйеуі:

«Халима, бұл бала бізге бақыт әкелді. Ол үйіміздің табалдырығын аттаған күннен бері сиырларымыздың сүті молайды, сүтінің майы көбейді. Үйімізге берекет әкелді. Қолымыз ұзарды. Мен бұл баланың бойынан ерекше, басқа бір нәрсе сеземін».

Бұның өзі Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айырықша белгілерінің бірі деуге болады. Яғни, ойланып қарасақ, Халиманың күйеуі айтқан бұл істердің өзі болашақ Алла Елшісінің (с.ғ.с.) берекетінің бір ұшқыны, Елшілігінің бір айғағы іспетті оқиғалар еді.

Бұл кісілердің қолында бес жыл тұрған Хазіреті Расулулла (с.ғ.с.) Меккеге анасының қолына оралады.

Бірде анасы Әминамен бірге Мәдинаға туысшылап барады. Артақты ана бір жағынан баланы туыстарымен таныстырып, бір жағынан марқұм әкесінің мазарына зиярат еткізу ниетінде болады.

Ол жерде бір ай шамасында тұрғаннан кейін, Пайғамбарымыздың әкесі Абдулланың мазарын зиярат етіп, Меккеге қайтқан жолында Әбуа деген ауылда Хазіреті Әмина дүние салады.

Осылайша, Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) алты жасында ата-анасыз қалады. Бұл істің де өзіндік өнегесі бар екенін байқаймыз. Болашақ Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір иләһи насихатын жоққа шығарушылар «бұл атасынан немесе анасынан үйренді» дейтін мүмкіндік қалмады.

Әкесінен де, шешесінен де айырылған болашақ Пайғамбарды (с.ғ.с.) атасы Әбдімүттәліп өз қолына алады. Алайда, екі жылдай атасының қолында болған бала Мұхаммед (с.ғ.с.) тағдыры тағы да сынаққа тап болады. Атасы Әбдімүттәліп те дүние салады. Дегенмен, қамқоршысыз қалмайды.

Бұдай кейінгі өмірінде Әбдімүттәліптің өсиеті бойынша Әбу Талиб қолына алып, бағып-қағып өсіреді.

Міне, Расулулланың (с.ғ.с.) балалық шағының өзінің осындай сынақтарға толы болуы бір жағынан Елшілік өмірге дайындық болса, енді бір жағынан күллі адам баласы үшін үлгі, өнеге еді. Тағы бір жағынан иләһи сырға, хикметке толы мұндай балалық, шындығында, Ол кісінің (с.ғ.с.) Пайғамбарлық болмысына дәлел еді.

Ал, еді бір жағынан мұндай тағдыр иман келтірген әрбір үмбеті үшін  мотивация деуге де болады. Расында да, қиындыққа тап болған адам баласы Расулулланың (с.ғ.с.) тап болған қиындықтары мен тағдырын еске алып отырып, «адамзаттың асылы болған Алла Елшісі (с.ғ.с.) де осындай сынақтарды басынан кешірген екен ғой» деп өзіне жұбаныш табары анық.

Бекзат Ақжігітов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.