Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алланың мекені бар ма?  

0 4  422

Барлық мақтау – көркем және кемел есім-сипаттармен дәріптеліп, белгілі түр бейне мен ұқсаудан аулақ, пәк  болған Ұлық Алла Тағалаға болғай! Алла Тағала – белгілі бір мекенде болудан  және  Одан  уақыт өту тәуелділігінен немесе жағдайлардың өзгеруі Оған әсерін тигізуден Пәк әрі Ұлық!

Алланың салауаты мен сәлемі сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.c.) оның ардақты пәк отбасына болғай! Алла Тағала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары мен ізінен ерушілерден разы болғай!

Негізінде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне сай амал етіп, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бойұсыну – уәжіп. Осы нәрсеге бұйыратын көптеген Құран аяттары мен хадистер де жеткілікті. Мысалға Құранда:

مَنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللَّهَ

«Кім Алла елшісіне мойынұсынса, Аллаға мойынұсынғаны»,[1]

قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللَّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ

«Егер Алланы шыныменен жақсы көрсеңіздер, маған еріңіздер. Сонда Алла да сіздерді жақсы көріп, күнәларыңызды кешіреді» деп айт»,[2]делінген.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) еш ақаусыз дұрыс сенімді жолмен жеткен  хадистермен амал ету – уәжіп. Дегенмен, кейбір дін жолында жүрген бауырларымыз «хадис сахих болса болғаны, оныменен амал ету үзілді-кесілді уәжіп болып табыла береді» деп ойлайды. Алайда, бұл дұрыс емес. Біздер осы жерде  мына нәрсені ескергеніміз жөн. Яғни, ол хадиспен амал ету уәжіп болып табылуы үшін, ол хадис «шазз»  немесе қарама-қайшылығы болмауы қажет. «Шазз» дегеніміз – бір хадистің мүтәуатир жолменен жеткен хадистерге және бекітілген қағидаларға қарама-қайшы келуі». Мүтәуатир дегеніміз – бірігіп жалған айтуы мүмкін болмаған бірнеше жамағат арқылы жеткен хадистер. Осы орайда, «шазз» хадис түсінікті болуы үшін мысалға төмендегі хадисті талқылап, «шазз» екендігін баяндаймыз.

ӘЛ-ЖӘРИЯ ХАДИСІ

Мұғауия ибн әл-Хакам әс-Сәләмиден (р.а.) жеткен хадисте ол кісі былай дейді:

كانت لي غنم بين أحد والجوانية فيها جارية لي، فاطلعت ذات يوم، فإذا الذئب قد ذهب منها بشاة، وأنا رجل من بني آدم فأسفت، فصككتها، فأتيت إلى النبي صلى الله عليه وسلم فذكرت ذلك له، فعظم ذلك علي، فقلت: يا رسول الله: أفلا أعتقها؟ قال: ادعها. فدعوتها، فقال لها: أين الله؟ قالت: في السماء قال: مَنْ أنا؟ قالت: أنت رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: أعتقها فإنها مؤمنة

«Менің Ухуд (тауы) пен әл-Жәуания арасында (отар) қойым бар еді. Сонымен қатар, ол жерде бір күңім де (қызметте) болатын. Күндердің күнінде оған барсам, оның бір қойдан айрылып, қасқырға жем қылып алғандығын байқадым. Мен де адам баласымын ғой, сол кезде (ашу үстінде) оған қол көтердім. Осы қылығым көңіліме ауыр тигендіктен, пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп, оған болған жайтты баян етіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен оны азат етейін бе?» – деп сұрадым. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әлгі күңді шақыр», – деді. Сөйтіп, оны шақырғанымда, Алла елшісі (с.ғ.с.) одан: «Алла қайда?» – деп сұрады. Әлгі күң: «Аспанда», – деп жауап қатты. Пайғамбар (с.ғ.с.) одан: «Мен кіммін?» – деп сұрады. Ол болса: «Алланың елшісісіз», – деп айтты. Сол сәтте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында, ол мүмін әйел, оның басына бостандық бер», – деді».[3]

Албани «Ихтисорул ғъулу» атты еңбегінде: «Осы хадисте екі мәселе қарастырылған. Біріншісі – мұсылман адамның «Алла қайда?» деп сұрауы, екіншісі – сұралған адамның «аспанда»деп айтуының шариғи заңды екендігі.  Кімде-кім бұл екі мәселені жоққа шығарса, Мұстафаны (с.ғ.с.) жоққа шығарғаны», – деп тұжырымдайды.

Алдыменен, Албанидің (жоғарыдағы жазған) «ахадуһума» (біріншісі) мен «сәниуһума» (екіншісі) деген сөздері (граматикалық тұрғыдан) қате айтылған. Дұрысы – «сәниятуһума» мен «ихдаһума». Сонымен қоса, хадистен шығарған үкімі де дұрыс емес. Өйткені, аталмыш хадис «шазза» болып табылады. «Шазза» дегеніміз  – сенімді риуаят етушінің бір хадисті  өзінен де сенімдірек риуаят етушілердің хадистеріне  қарама-қайшы риуаят еткен хадисі. «Шазза» хадисі «дағиф» хадистердің бір түріне жатады. Әсіресе, «шазза» хадистері ақида мәселелерінде айғақ-дәлел ретінде келтіруге жарамайды. Сондықтан да онымен амал етуге болмайды. Аталған хадистің «шаз» екендігі бірнеше тараптар арқылы айқындалып баян етіледі:

Жоғарыдағы хадис Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мутауати[4] жолмен жеткен хадистерге қарама-қайшы. Өйткені, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп Ислам дінін қабылдауды қалаған адамнан алдыменен екі куәлік сөзді айтуды сұрайтын. Егер ол адам екі куәлік сөзін айтып қабылдаса, оны Исламда деп үкім беретін. «Әл-Муатта» кітабында Уъбайдулла ибн Абдулла ибн Аътаба ибн Масғъудтан (р.а.) жеткен хадисте:

عن عبيد الله بن عبد الله بن عتبة بن مسعود أن رجلا من الأنصار جاء إلى رسول الله صلى الله عليه وسلم بجارية له سوداء فقال يا رسول الله إن علي رقبة مؤمنة فإن كنت تراها مؤمنة أعتقها فقال لها رسول الله صلى الله عليه وسلم أتشهدين أن لا إله إلا الله قالت نعم قال أتشهدين أن محمدا رسول الله قالت نعم قال أتوقنين بالبعث بعد الموت قالت نعم فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم أعتقها

Ансарлардан болған бір ер кісі Алла елшісіне (с.ғ.с.) қара (нәсілді) күңді ертіп келіп: «Уа Алла елшісі! Маған бір мүмін құлды азат етуім керек еді. Егерде осы күңді мүмін деп білсең, оны азат етейін», – деді. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) әлгі күңнен:

– «Алладан басқа Тәңір жоқ» екендігіне куәлік етесің бе?

Иә.

– «Мұхаммедтің Алла елшісі екендігіне де куәлік бересің бе?

– Иә.

– Өлгеннен соң қайта тірілу (күнінің) бар екендігіне сенесің бе?

– Иә.

Осыдан кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) (ансарлық кісіге): «Оны азат ет!» – деп айтты.

Бәлкім, біреулер әл-Хафиз Әбу Исмағъил әл-Һарауй «әл-Арбағъина фид дәләйли әт-таухид» атты кітабында Аъкрамадан, ибн Аббастан Сағъид ибн Марзабан арқылы келген хадисті риуаят еткенін алға тартуы мүмкін. Аталмыш хадисте: «Бір ер кісі өзімен бірге шетелдік қара күңді пайғамбарға (с.ғ.с.) ертіп келіп: «Маған бір құлды азат етуім керек, менен осыны құп көресіз бе?» – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) күңнен: «Алла қайда?» – деп сұрады. Ол (күң) қолымен аспанды меңзеді. Содан кейін Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен кіммін?» – деп сұрады. Ол: «Алланың елшісісіз», – деп айтты. Сол мезетте пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында, ол мүмін әйел, оның басына бостандық бер», – деді». Алайда, бұл хадис те «шазз», «дағъиф» әрі Сағъид ибн Марзабанның хадисі «мәтрук», мункәр» және «мудәлләс» болып табылады.[5]

Осы орайда Муғауияның хадисі «шазз» екендігін нақтылап, теріске шығаратын екі хадисті келтіре кетсек, Әл-Бәйһақи «әс-сунән» атты кітабында Аъун ибн Абдулла арқылы риуаят еткен хадис былай өрбиді: Бір әйел адам қара күңді пайғамбарға (с.ғ.с.) ертіп келіп: «Маған бір құлды азат етуім керек, менен осыны құп көресіз бе?» – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) күңнен: «Раббың кім?» – деп сұрады. Ол: «Раббым Алла», – деп жауап қатты. Сосын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Дінің не?» – деп сауал қойды. Ол: «Ислам», – деп айтты.  Одан соң: «Мен кіммін?» – деп сұрағанда: «Алла елшісісіз», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен бес уақыт намаз оқып, менің Алла тарапынан алып келген нәрселеріме иланып мойындайсың ба?» – дегенде: «Иә», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) күңнің арқасынан қағып: «Оны азат ет», – деп айтты. 

Тағы бір риуаятта Әш-Шарид ибн Суайд әс-Сақафи: «Мен: «Уа Алла елшісі! Маған анам бір құлды азат етуіме өсиет еткен еді. Менің Нубилік күңім бар», – деп айттым. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шақыр оны», – деді. Кейіннен Алла елшісі (с.ғ.с.) күңнен: «Раббың кім?» – деп сұрады. Ол: «Алла», – деп айтты. Одан кейін: «Ал, мен кіммін?» –деп сауал қойды. Ол: «Алла елшісісіз», – деп жауап берді. Сол кезде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында, ол мүмін әйел, оның басына бостандық бер», – деп айтты.

Жалпы, Исам дінін қабылдағысы келген адамдардан  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдыменен олардан екі куәлік сөзін, яғни «Лә иләһә иллалла! Мұхаммад расулулла!» деп айтуларын сұрайтын. Осыны қуаттайтын жоғарыдағы хадистерден басқа да сол тәріздес Ахмадтың «Мүснадында» және «әл-Муаттада»  келген хадистер жеткілікті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) иманның шарттарын Жәбірейіл періштенің (ғ.с.) сауал қою жайында келген хадисте түсіндіріп:

أَنْ تُؤْمِنَ باللهِ وَمَلائِكَتِهِ وَكُتِبِهِ ورُسُلِهِ والْيَوْمِ الآخِرِ وتُؤْمِنَ بالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَشَرِّهِ

«Иман дегеніміз Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне және де ақырет күні мен тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,[6] деген болатын. Бұл шарттарда адам иман иесі болуы үшін Алла аспанда екендігі мүлдем айтылмаған. «Алланы  аспанда» деген ақида – Аллаға деген таухидті дәлелдеп, ширктен қайтармайды. Олай болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалайша мұндай ақида иесін «мүмін» деп сипаттасын?! Мүшриктер де Алланы аспанда деп сенетін. Және де жердегі тәңірлерімен оған ортақ қосатын. Хусейн ибн Атаба немесе Ибн Убейд Уәлид Имран Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келген уақытта пайғамбар (с.ғ.с.) одан: «Қанша тәңірге табынасың?» – деп сұрады. Ол: «Алтауы жердегі мен біреуі аспандағыға», – деп жауап берді. Сол сияқты Перғауын да Алланы аспанда деп сенгендіктен, Хаманға: «Маған баспа құрастыр, мүмкін Мұсаның Тәңіріне шығармын», – деген. Сөйте тұра өз қауымына: «Мен сендердің жоғары раббыларыңмын», «Сендердің менен басқа тәңірлерің жоқ деп білемін», – деп айтқан.

Әһли сүннет ғалымдары мәтіндерде кездесетін мұндай сөздерге қатысты екі ұстанымда болған:

Біріншісі Муташабиһ аят-хадистерде келген Алланың сипатына байланысты алғашқы буын ғалымдарының ақидасы. Əл-Əузағиден жеткен хабарда: Бірде Мəкхул мен əз-Зуһри мұндай сөздердің түсінігі жайлы сұралған екен. Сонда ол кісілер: «Қалай келген болса сол күйінде үстінен оқып өтіңіздер!» деп жауап қатқан.

Уалид ибн Муслимнен жеткен риуаятта ол кісі былай дейді: «Мəлик ибн Əнастан, Суфиян əс-Сауриден, əл-Лəйс ибн Сағдтан, əл-Əузағиден Алланың сипаттары келтірілген хабарлар жайында сұрадым. Олардың барлығы: «Еш кейіп берместен қалай келген болса сол күйінде үстінен оқып өтіңіздер!»

Осы орайда, имам əз-Зуһри мен Мəкхул өз заманының ең білімді табиғиндері екенін ескерте кетейік. Ал, қалған төртеуіне келсек, олар – табиғут табиғиндер заманындағы əлемнің ең əйгілі ғалым имамдары. Мəселен, имам Мəлик – Хижаз елінің əйгілі имамы, əл-Əузағи – Шам елінің əйгілі имамы, əл-Лəйс – Мысыр елінің əйгілі имамы, Суфиян əс-Саури – Ирак елінің əйгілі имамы. Бұлардың барлығы – сəлəф солих[7] ғалымдары.

Екіншісі – «Алла аспанда» деген сөзді тікелей сыртқы мағынасында емес, бәлкім, қадірінің, дәрежесінің, ұлылығының жоғарлығы деп, астыртын ауыспалы мағынада түсінген.

Имам ән-Нәуаи «Шарх сахих Муслим» кітабында «әл-жария» хадисін төмендегідей түсіндірген:

كان المراد امتحانها هل هي موحِّدة تقرُّ بأنَّ الخالق المدبِّر الفعَّال هو الله وحده، وهو الَّذي إذا دعاه الدَّاعي استقبل السَّماء، كما إذا صلَّى المصلِّي استقبل الكعبة، وليس ذلك لأنَّه منحصر في السَّماء، كما أنَّه ليس منحصراً في جهة الكعبة، بل ذلك لأنَّ السَّماء قبلة الدَّاعين، كما أنَّ الكعبة قبلة المصلِّين، أو هي من عبدة الأوثان العابدين للأوثان الَّتي بين أيديهم، فلمَّا قالت: في السَّماء علم أنَّها موحِّدة وليست عابدة للأوثان.

«Мұндағы мақсат – ол әйел адамды сынап тексеру еді. Ол әйел Құдайды бір деп таныған «әл-Холиқ», «әл-Мудаббир», «әл-Фағғъал» жалғыз Алла екенін мойындайды ма,  жоқ па? Ол – сондай Алла, намазға тұрған кісі жүзін құбылаға қаратқаны секілді дұға етуші Одан тілек тілеген кезде аспанға (алақанын аспанға қаратады) бағытталады. Бұл Алланың Қағба тарапында шектелмегені сияқты аспанда да шектеліп қалмағанын көрсетеді. Қағба намазханның бағытталатын құбыласы болғандай, аспан да дұға етушінің құбыласы саналады. Бұған дейін әлгі әйел өздеріндегі пұттарға табынушылардың қатарында болатын. Кейіннен сұраққа «аспанда» деп жауап қатуымен, оның пұттарға емес, жалғыз Аллаға сыйынушы екендігі белгілі болды».

Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аталған күңнің алақанын аспан тарапына жайып, бір Құдайға ғана сыйынушы мұсылмандардың қатарынан екендігін білгендіктен мүмин деп баға берген.

Ғұлама Әбу Уалид әл-Бәжи (һ.ж.403-474): «Алла аспанда» деген күңнің сөзіне түсінік беріп: «Мүмкін, ол «Алла аспанда» деу арқылы жоғары (биік, ұлық) деген мағынада сипаттағысы келген болар. Себебі, кімнің мәртебе дәрежесі жоғары болса, дәл осылайша сипатталады емес пе? Мәселен, «пәленшенің орны аспанда» делінсе, демек оның мәртебесі, дәрежесі жоғары деңгейде екендігін білдіреді».

Мысалы, кейде біздерде: «Төбем көкке жетті», «биіктерден көріне бер» немесе «пәленше аспандап асқақтап кетіпті» деу арқылы біреудің дәрежесінің, мәртебесінің, қал жағдайының басқаларға қарағанда әлдеқайда үстем биік екендігін білдіретін астыртын ауыспалы мағынадағы сөздерді қолданып жатамыз. 

«Қайда» деген сөзге келер болсақ, бұл сөзді кейде мысалға: «Мұратқа   Ахматтың дәрежесіне жетуі қайда» дегендей де мағынада қолдануға болады. Осы мағынадағы «қайда» деген сөзді Абай атамыздың:

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?, – деген өлең шумақтарынан да байқауға болады. Сондықтан да кейбір ғалымдар «Алла қайда» деген сөзбен «аспанда» деген сөзді ауыспалы астыртын мағынада «Сен үшін  Алланың дәрежесі қайда, қаншалықты», делінгенде, «мен үшін өте жоғарыда, аспандай асқақ» деген ұғымда тұспалдаған.

Ғалым Әл-Қади Әбу Бәкір ибн әл-Араби (һ.ж.468-543) «сунән әт-Тирмизи» кітабына жазған шархында:

أين الله؟ والمراد بالسؤال بها عنه تعالى المكانة فإن المكان يستحيل عليه

«Алла қайда? деген сауалдағы мақсат – Алла Тағаланың дәрежесін сұрау еді. Өйткені,  Алланың мекені бар деу жөнсіз», – деген.

Өйткені, «Алла қайда?» деп Алланың орнын, мекенін сұраудың өзі орынсыз. Себебі, «қайда» деген сөз жаратылыстарға қолданылады. Ал, «қайда» деген сұрақ сөзді «қайда» етіп жаратқан Жаратушыға «Өзі қайда» деп айтылмайды. Алла Тағала – мекенді Жаратушы. Демек, мекен мен орындар – жаратылған жаратылыс. Алла Өзі жаратқан жаратылыстарға мұқтаж емес. Сол сияқты «аспанды» Өзінің мекені етіп алудан Алла аулақ әрі пәк. Ешқандай жаратылыс Аллаға мекен болатындай Оны қамти алмайды. Алла әлемдерді, аспанды жаратпастан бұрын қандай сипатта болса қазірде сондай деген мағынадағы сөздер Әлиден (р.а.) де жеткен.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз төмендегі өлең шумақтарында жат ағым сенімін жоққа шығарып, халқымыздың қанша ғасыр бойы әһли сүннет ұстанымында болғандығы айқын көрінеді:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Боларға басқа басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес

Мекенін бір Алланың ешкім білмес[8].

Абай атамыз да жырларында мекен беріп жаратқан Алланы «Лә мәкан» мекенсіз деп сипаттаған.

Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың Оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?![9]

«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов

________________________________________

[1] «Ниса» сүресі, 80-аят.

[2] «Әли Имран» сүресі, 31-аят.

[3] Имам Мүслим, Әбу Дәуід, Нәсәи және басқалары да риуаят еткен.

[4] Мутауатир – дегеніміз бірігіп жалған айтуы мүмкін болмаған бірнеше жамағаттар арқылы жеткен хадистер.

[5] «Шазз», «мәтрук», «мункәр» және «мудәлләс»- дағъиф хадис түрлерінің атаулары.

[6] Имам Бухари және Муслим риуаят еткен.

[7] Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде мақталған исламның әуелгі үш ғасырында ғұмыр кешкен алғашқы буын ғалымдарына берілген атау.

[8] Мәшһүр Жүсіп «Ит дүние», таңдамалы жинағы Халықаралық Абай клубында 2008 жылы басылған.

[9] Абай Құнанбаев, «Өлеңдер мен поэмалар» кітабы, «Жазушы» баспасы, 1986 ж.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.