Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Х республикалық қарилар байқауының жеңімпазы – Әлібек Жалиев (ФОТО+ВИДЕО)

0 1  001

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» мәдениет кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқауы мәресіне жетті.

74 үміткер бақ сынаған байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының құрметті азаматтары мен ел ағалары, сондай-ақ, дін жанашыры, жарысқа демеушілік жасаған Бахардин Аблязимов арнайы қатысты.

«Аллаға сансыз шүкірлер болсын, жасынан Құран жаттаған қарилардың байқауын қорытындылап, марапаттап отырмыз. Осы байқауды өткізуге атсалысқан ҚМДБ ұжымы мен Түркістан облыстық өкілдігіне, қариларды бастап келген облыстардың бас имамдары мен барша дін қызметкерлеріне, сонымен қатар демеуші болған Бахардин Нұғманұлына алғысымды білдіремін.

Қатысушылардың қарым-қабілетін бағалап, жарысқа төрелік еткен қазылар алқасындағы Кәмілжан, Сәдуақас, Данияр, Ерсін және Жұманазар қариларға да рақметімді айтып, Алла жар болсын демекпін. Осы отырған жап-жас қариларымыз өздеріңіз секілді білімді, абыройлы азамат болып өссін!» деді Бас мүфти марапаттау сәтінде.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен қарилар байқауының жүлде қоры бұрынғыдан да қомақты болды. Мәселен бас жүлде иегеріне шетелдік жол талғамайтын көлік берілсе, 30 пара бойынша финалдық кезеңге жолдама алған 5 қаридың екеуіне ынталандыру сыйлығы ретінде ұмра қажылығына жолдама берілді. Сондай-ақ 20 пара бойынша тартысты өткен байқаудың да төртінші және бесінші орын иегерлеріне қазылар алқасының шешімімен ынталандыру сыйлығы табысталды.

Қазылар алқасының шешімімен 4 аталым бойынша жеңіс тұғырынан көрінген қарилардың тізімі төмендегідей:

«Мәнерлеп оқу» бойынша:

І орын ( 1 000 000 теңге) – Қуаныш Сейтқанов (Алматы қаласы, 29 жаста)

ІІ орын (700 000 теңге) – Ерболат Шаудырбай (Нұр-Сұлтан қаласы, 24 жаста)

ІІІ орын (500 000 теңге) – Әнуар Сырымұлы (Алматы аймағы, 20 жаста)     

«10 пара» бойынша:       

І орын (1 500 000 теңге) – Гиесжон Абдикадиров (Павлодар облысы, 22 жаста)     

ІІ орын (1 000 000 теңге) – Әділет Саяжанов (Қарағанды, 27 жаста)

ІІІ орын (750 000 теңге) – Әбілхайыр Жұбан (17 жаста)

«20 пара» бойынша:

І орын (2 000 000 теңге) – Нұртілеу Сейтқасым (Қарағанды, 9 жаста)

ІІ орын (1 500 000 теңге) – Хабиболла Раушан (Ақтөбе, 19 жаста)

ІІІ орын (1 000 000 теңге) – Исламнұры Игілік (Түркістан, 14 жаста)

ІV орын (700 000 теңге, ынталандыру сыйлығы) – Абдулбақи Абдилазиз (Алматы қаласы, 9 жаста)

V орын (500 000 теңге, ынталандыру сыйлығы) – Умайр Абдусаттар (Жамбыл облысы, 13 жаста)

«30 пара» бойынша:

Бас жүлде (автокөлік) – Әлібек Жалиев (Шымкент, 18 жаста)

ІІ орын (3 000 000 теңге) – Мансурхан Сарварханұлы (Алматы қаласы, 11 жаста)

ІІІ орын (2 000 000 теңге) – Ниғматуллох Абдазимов (Түркістан, 14 жаста).

ІV орын (кіші қажылық) – Абуали Қалпашов (Ақмола облысы, 18 жаста)

V орын (кіші қажылық) – Бекзат Тасболатов (Ақтөбе, 18 жаста)

Жеңімпаздармен бірге байқауға қазылық жасаған елімізге белгілі қарилар Сәдуақас Олжабай (төраға), Кәмілжан Юлдашұлы, Данияр Жұмабай, Ерсін Әміре мен Жұманазар Садырхановқа Бас мүфти арнайы алғыс білдіріп, марапаттады.

Еске сала кетейік, екі күнге созылған қарилар байқауы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Пандемияға байланысты байқау екі күн бойы «Munara TV» телеарнасынан тікелей эфирде, «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан және Мүфтияттың Instagram-дағы @muftiyatkz парақшасынан онлайн көрсетілді.

\

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.