Бай мен бай құда болса, арада жорға жүреді,
Кедей мен кедей құда болса, арада дорба жүреді,
Бай мен кедей құда болса, арасы зорға жүреді.
Халық мақалы
Жар таңдауда абай болатын тағы бір маңызды мәселе – үйленетін екі жастың өзара тең дәрежеде түсінікке, мәдениетке, білімге т.б. сай болуы.
Себебі екі жақтың материалдық әрі мәдениеттік айырмашылықтарында теңдік болмаса, отбасы құрғаннан кейін «мен сені байлығыммен сатып алдым», «менің беделіме бола келдің», «мәдениетің біздің әулетке сай емес» т.б. сөздер мен түсініспеушіліктердің ортаға шығуымен ұрыс-керіс, дау-жанжал басталады. Соңында, ер мен әйел бір-бірін қанша ұнатып, сүйгенімен, мәдениет әрі білім тепе-теңдігінде жақындық болмағаннан кейін, жанұя деген алып арбаны ары қарай сүйреуге дәрмендері жетпейді. Бұған байланысты айналамызда мысалдар толып жатыр. Ұнатқан адамның көлігі, айлығы, отыратын үйі немесе сол жердегі әулеттің ең беделдісі т.б. жақтарын бірінші орынға қойып үйленгендер белгілі бір уақытқа жеткеннен кейін, араларындағы уақытша сезімнің гүлдері солғаннан кейін, қызықтары басылғаннан кейін, қиялдаған романтикаларының шынайы өмірден мүлдем басқа екенін түсініп, отбасы құрудың негізгі факторы бұл емес екенін түсініп, бармағын шайнап, опық жегендер қаншама. Алайда уақыт өтті, заман кетті, болары болды. Мәселені үйленуге шешім қабылдамай тұрып ойлану керек еді, болмаса білетіндерден кеңес алу керек еді.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
sunna.kz