Нұр-Сұлтан қаласы «Ғылмани» мешітінде ҚМДБ «Балаби қари» қарилар дайындау орталығының директоры, елімізге белгілі ұстаз, исламтанушы Арман Қуанышбаевпен келелі кездесу болды. Айтылмыш игі жиында ұстаз «Исламдағы бірліктің орны» тақырыбында тағылымды уағыз-назихат айтты. Уағыз тыңдаушылардың қарасы бұрынғы кездесулермен салыстырғанда анағұрлым көп болды. Жиналған жамағат арасынан түйткілді сұрақтар қойылды. Әр сұраққа ұстаз тұщымды жауап беріп, жамағат көңілінен шықты.
«Ислам – амандық пен бейбітшілік діні. Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылған. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса назарда насихаттайды. Ислам ең соңғы кәміл дін. Ислам қоғам ішіндегі өзге дін өкілдеріне дінді мәжбүрлеп қабылдатуды бұйырмай, керісінші құрметпен қарауды, жүректеріне жол таба білуді бұйырады. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді», – дейді, ұстаз Арман Қуанышбаев.
(Уағыздың толық видеонұсқасын алда сайтымыздан және youTobe каналымыздан көре аласыздар).
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі