Ислам дінінің бейбітшілдігінің өмірсүйгіштігінің дәлелі – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласына көшіп келген кезде тұрғындарына арнайы жазылған ата заңының консепциясы. Бұл оқиға Ибн Исхақ, Ибн Һишамның сирасында, Ибн Кәсирдің тарих кітаптарында келген. Көпшілік ғалымдардың айтуынша аталмыш заңнама Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көшіп келген жылы бірінші һижретте жазылған.
Сол уақытта Мәдина қаласын көптеген ұлттар, әртүрлі дін өкілдері мекен еткен еді. Осы жағдайды ескере отырып, қала халқы өзара ауызбіршілікте, ынтымақта өмір сүру үшін бәріне бірдей заңнама қабылдады. Аталмыш заңнама негізгі төрт бөлімнен, 48 тармақшадан тұрған. Атап айтқанда:
Бірінші бөлім: Қала тұрғындарының өзара ауырбіршілікте, татулықта өмір сүруі;
Екінші бөлім: Сенім еркіндігін қамтамасыз ету;
Үшінші бөлім: Мәдина халқының тұрғындарының тең құқылығын қамтамасыз ету;
Төртінші: Мемлекет алдында қала тұрғындары әр ісіне жеке тұлға ретінде жауапты;
Бұл заңнаманың қабылдануымен мұсылмандардың басқа дін өкілдерімен қарым-қатынасы күшейді. Олардың бұл әрекеттерін Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с) хадистері қолдайды.
Бұл заңнама Мәдина халқының саяси, әскери, экономикалық, қоғамдық жауапкершілік шеңберін тайға таңба басқандай етіп айқындап берді.
Қалада тұратын барлық ұлт және дін өкілдері осы заңнама аясында өмір сүретін болды. Барлығына бірдей ортақ құндылықтар қалыптасты. Ішкі байланыстармен қатар сыртқы байланыстарды да жүйеге келтірді. Аталған заңнамадағы негізгі тақырыптарды тарқатар болсақ:
– Адамдар арасында тепе-теңдік орнаған бір мемлекет ретінде қалыптастыруды көздеді. Діни, ұлттық ерекшеліктері есепке алынбады, арабтың араб еместен тек тақуалық тұрғысынан ғана айырмашылық бар деп санады.
– Бұл заңнама аясына кірген кез келген адамға мемелекет тарапынан қолдау көрсетілді. Жаны, ары, малы, абыройы қорғалатын болды.
Сонымен қатар мемелекет тұрғындары үшін сырттағы тайпалардан қандай да бір қауіп төнетін болса, барлығы бір сапта тұрып қаланы қорғауға міндетті болады.
– Ұлтына, дініне қарап адамдар бөлінбеді. Мұсылмандар үшін яхудилердің дініне қысым көрсетуге жол берілмеді, басқа дін өкілдері күшпен ислам дініне тартылмайды, сол секілді яхудилер тарапынан да мұсылмандарың діні кемсітілмейді.
– Соғыс жағдайында бір ел болып жауға қарсы тұрады. Жау тарапына шығу, материалдық қолдау жасау, қылмыс қатарына кірді, мемлекетке сатқындық есебінде саналады.
– Мемлекет экономикасын көтеру үшін, төменгі сатыдағы әлсіз топтарға жәрдемдесуде біріге жұмылатын болды.
– Қала тұрғындары сыртқы жауласушы тараппен ешқандай байланыс орнатпайды, сауда-саттық жасамайды.
– Қаладағы бір адам қылмыс жасайтын болса, оның туыстары, руластары, достары жазаланбайды.
– Бұл келісім тек Мәдина халқына ғана қатысты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәдина халқына жасаған бұл заңнамасы ислам өркениетінің бір айқын көрінісі, ислам дінінің бейбіт сүйгіштігінің, өміршеңдігінің бұлжымас дәлелі.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
Sunna.kz