Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жастардың бойында болуы тиіс сипаттар (2)

0 1  569

Отансүйгіштік қасиетті сіңіру;

Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық  борышы.

Адамның өсіп-өнген жері – оның Отаны. Әрбір адам туған жерін, Отанын қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» халық нақылы. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың қастерлі борышы.

Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген риуаят бар. Мағынасы «Отанды сүю иманнан» – дегенді білдіреді. «Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» – дегендей, расымен де туған жерге, Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз бар. Дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда, сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деп, Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған.

Алла жолында, Отан үшін соғыста жүріп дүниеден өткен адамды шаһид деп атайды. Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мынадай екі көзді тозақ оты күйдірмейді: Алладан қорқыныштан жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз», – деген.

Осы орайда еліміздің әрбір жасы елге, отанға деген қызметті бір сәт санасынан шығармауы тиіс. Елге еңбек сіңіргенде ғана отанының алдындағы борышын өтеген болып саналады. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деген қазақта ұлағатты сөздер бар. Бұл нақылдардан түсінеріміз нағыз ер азамат елін қиын қыстау кезде, басына күн туғанда тастап кетпейді. Нағыз ер азаматқа лайықты іс – жылысына да, суығына да төтеп беруінде, еліне пайдасы тиюінде.

Жігітке жеті өнер де аз деген түсінікті қалыптастыру;

Кез келген пайдалы істі игеруге деген талпыныс болу керек. «Жігітке жеті өнер аз» –демекші, кәзіргі заман мұсылмандары тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты білімді болуы тиіс. Анастан жеткен хабарда Пайғабарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)   былай дейді: «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді»[1]. Қазіргі бәсекелестік заманында адам жан-жақты болуы тиіс, игерген негізгі біліміне қосымша басқа да ілімдерді, қабілеттерді қатар алып жүруі – заман талабы. Сол кезде ғана сіз нарықта сұранысқа ие өз ісіңіздің маманы бола аласыз. Сіз автокөліктердің дөңгелектерін жөндеу бойынша маман болсаңыз  онымен шектелмеңіз автокөліктің моторын зерттеңіз, электроникасы бойынша қосымша білім алыңыз. Тіпті автокөліктен тыс құрылыс, сантехника, электрика салаларын зерттеңіз.

Ерте жанұя құру;

Үйленудің мұсылман қоғамы үшін де, жалпы үмбет үшін де көп пайдасы бар. Солардың біразына тоқталсақ:

а) Адамзат ұрпағын сақтау. Үйлену – жалпы адамзаттың сақталуының бірден-бір кепілі. Үйлену арқылы адамзат тегі көбейіп, тұқымы жойылмай, толқын-толқын болып ұрпақ соңынан ұрпақ ауысып, көбейе береді.

ә) Қоғамдық ахлақты сақтау. Үйлену қоғам мүшелерін ахлақтық, адамгершілік ұстанымдар мен қағидаттардан шығып кетуден сақтайды. Яғни, адал жолмен бас қосып, отбасы болу арқылы Құдай Тағаланың қалауын іске асырып, ізгі мінез-құлыққа, мұсылмандық әдепке қалыптастырады.

б) Аурулардың алдын алу. Үйлену некесіз, харам қарым-қатынас пен зинақорлық салдарынан тарайтын сифилис, СПИД сияқты адамзаттың болашағына қатер төндіретін ауру түрлерінің алдын алады.

г) Рухани әрі психологиялық тұрғыда тұрақталу. Үйлену арқылы жұбайлардың арасында сүйіспеншілік пен мейірімділік қатынас орнайды.

ғ) Үйлену арқылы қоғам жанұя алдында одан кейін қоғам алдында жауапкершілігі артады.

д) Ата-аналық сезімнің қалыптасуы. Үйлену, балалы болу арқылы жұбайларда аталық, аналық ұлы сезім пайда болады.

Әр адамның тәрбиесіне байланысты есеюі де әртүрлі болар «Болар адам, он бесінде бас болар, болмас адам, отыз бесінде жас болар демекші болар адам ерте жанұя құрып, бойдақтың сергелдеңнен өзін құтқарады.

Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;

Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білуі, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап тура сөз құдайы сөз деп тоқтаған.

Адам тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Sunna.kz

[1] Хатиб әл-Бағдади

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.