Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ахмет Байтұрсынов: Білім жарысы

0 501

Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер. Оларға бәйге тігіп, жарысатындар бай адамдар иа обшестуалар. Бәйге тігу, жарыс істеу біздің қазақта да бар.

Қазақта бай адамдар иа қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, иа өлген адамына ас беріп, ат шаптырады. Байлығына қарай, адамдығына қарай ас пен тойдың үлкен де, кішісі де болады. Зорлығы бәйгеге тіккен малынан гөрі, шақырған елдердің санынан, сойылған малынан байқалады. Тойдан көбіне ас зор болады.

Асқа сойылған малды, шайқантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мың жұмсалады. Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішіп, жеп кету үшін істеледі.

Не жұртқа келер онан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да қалады. Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. Ат шаптырып, ас берді деген бес-он жылға ат қалады.

Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы. Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиылып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт иа дүниадағы бүтін жұрт үшін һәм көпке қаларлық іс үшін істеледі.

Дүниада күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілту үшін, жеңілін рақатқа айналдыру үшін істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер.

Ғылым, өнер артылған сайын дүниада бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі – білім жарысы. Білім жарысы дегеніміз: бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді – осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы: пәлен ауруға ем тапқан иа пәлен ғылымнан, 236 иаки өнерден жаңа жол тапқан, иа пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді. Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен-бірі озуға жүйріктігін айап қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді. Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап бәйге кеседі.

Еуропада, мысалы, Нобелепский білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында иа әдебиет ауданында еңбек етіп, озған адам иа соғысқа қарсы һәм қалық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы.

Жылда Раждестуо мейрамының алдында шіуед жұртының Стокголім шаһарында білім жарысынан озғандарға бәйге аталады. Өткен 1912-нші жылы Нобелл бәйгелерін алған адамдар: 1) Инженер Дален – ғылым қикметінен көрсеткен үздік біліміне алды. 2) Профессор Каррел –дәрігерліктен көрсеткен үздік біліміне алды. 3) Неміс жұртының атақты драма жазғыш жүйрігі Гауыптман – әдебиет жүзінде үздік біліміне алды. 4) Сабатиа. 5) Гренкер – пырантсуз ғұламалары, ғылым қикметінен көрсеткен үздік білімдеріне алды. Осылардың һәм басқалардың жылда озғанда алатын бәйгелері шіуедтің Нобелл деген бір инженерінің білім бәйгесіне деп шығарған 18 мілійон ақшасы.

Осындай жұртқа пайдалы, үлгі аларлық жақсы істі жұрттың құлағына салып, біздің айтайын деп отырғанымыз мынау: білім жарысын істеу әр жұрттың қолынан келетін іс. Істейін десе, қазақтың да қолынан келеді. Европадай зор істеуге болмаса, бойымызға шағындап, «сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады.

Еуропада ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ. Олар асқанның үстіне асу үшін істеп отыр, біздер жұрнағы болу үшін істеу керек. Мың жылқысы бар байлар оның үстіне мал аз дегенде, бір аты жоқ жарлы мал аз демей, қарап оты- 237 руы дұрыс па? Ғылым, өнер турасында біздің жайымыз да сол жарлының қалі сықылды. Ғылымның жаңа жолын табуға іздемек түгіл, тапқан ғылымға қолымызды жеткізерлік бізде еш нәрсе жоқ. Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап.

Қазақ арасына білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм қалық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы. Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді. Егін салсаң, шықпай қалып, босқа шығындау ықтимал, білім бәйгесінен пайда болмаса, шығын болмайды.

Пайдасы боларлық істі істемей, бәйгеге ешкім қол созбайды. Солай болған соң, бұған шығарған ақша босқа кетуге тіпті орын жоқ.

Еуропа байлары мұндай іске ақшасын басы бүтін қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, сонымен малын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт үшін, көп үшін қайтпас қайыр құрбаным деп шығарады. Қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын басы бүтін шығармасын, өзіне қайтаратын етіп бәйгеге тіксін. Оны былай етуге болады: жоғарыда айтылды, білім жарысы қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға болсын деп.

Білім түрлі болады. Білімнің әр түрін бірдей жақсы білетін адамдар аз болады. Бір түрін жақсы білетіндердің табылуы қиын емес. Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп кітаптарын жақсылап шығаруға мүмкін нәрсе; әдебиет ауданында жүйріктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегі бар жақсы романдар оғайри сондай сөздер шығаруға мүмкін нәрсе. Осындай кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз жақсы шығарған ғана кітаптарға берілсе,тігілген бәйгеге қарай бәйге берілген кітапты бір иа екі рет бай бастырып, ақшасын өндіріп алатын болса, сонан кейінгі бастырулары жазушының өз еркіне 238 берілсе, осы шартпен білім жарысы, істелсе, әуелі, бәйге тігуге жомарттық көп керек болмас еді: неге десең, сынаудан өтіп, жақсы деп бәйге берілген кітап өтпей қалады деп қауіптенуге орын жоқ. Екінші, жазушыға да қолайлы. Шығарған кітабы жақсы болса, еңбегіне тиісті даяр ақшаны алып, онан әрі жақсы кітап шығаруға кірісер еді. Еңбегіне ақысы татымды болған соң, ол өзін сол жұмысқа алаңсыз жегер еді. Әр жерден сондай жазушылар шықса, білім жұмысын айдап алға бастырмай қоймас еді.

Бәйге тігушіге де, бәйге алушыға да тынышты, жұрттың білім турасындағы істерін алға сүйреуге қолайлы һәм нағыз керек жолдың бірі, біздің ойымызша, осы. Бұған басқалар һәм байлар, не айтасыздар?

1913 ж.

«Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалары» кітабынан

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.