Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЗҮЛ-ХИЖЖАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОН КҮНІ   

0 1  807

Алла Тағалаға ең сүйкімді де қасиетті айлардың (зүл-қағда, зүл-хижжа, мухаррам, ражаб) бірі зүл-хижжа, ал оның абзал күндері алғашқы он күні. Өйткені бұл күндермен Алла Тағала Құранда серт еткен.

Алла Тағала Құранда былай дейді:

﴿ وَ الْفَجْرِ وَ لَيَالٍ عَشْرٍ ﴾

«Ағарған таңға, Құрбан айының алғашқы он кешіне серт»[1].

Ибн Аббас (одан Алла разы болсын), Мужаһид, Муқатил: «Бұл кеш – зүл-хижжаның алғашқы он кеші» – деді. Бұл дүниенің ең абзал күндері. Ол жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде былай дейді: «Дүниенің ең абзал күндері (зүл-хижжаның) он күні»[2]. Тағы бір хадисінде: «Алла Тағала құзырында (зүл-хижжа  айының) он күнінде жасалған ізгі амалдан абзалырақ әрі сүйкімдірек игі іс жоқ. Ол күндері тасбихты (субханаллаһ), тахмидты (алхамдулиллаһ), таһлилді (лә иләәһа иллаллаһ), такбирді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деп келген[3].

Осы күндерге қатысты көптеген үкімдер мен артықшылықтар бар. Олар:

1. Зүл-хижжаның алғашқы он күнінің артықшылығы. Зүл-хижжаның алғашқы он күні қасиетті күндер. Бұл күндері құлшылыққа белсенділік таныту, жақсы амалдардың алуан түрін арттыру мұстахап саналады. Сол сияқты бұл күндері істелген амалдар басқа күндерден абзалырақ әрі сауабы да еселеніп беріледі. Ибн Аббастан (одан Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға бұл күндерде (Зүл-хиджаның алғашқы он күнінде) істелген ізгі амалдан жақсырақ амалдар жоқ»-деді. Сахабалар: «Ей Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла жолында күрескен жиһадта сай келмей ме?» – деп сұрады. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында шыққан жиһадта тең келмейді. Тек жанымен, малымен жорыққа шығып кері қайтпағандардан басқасы»[4], – деп жауап берді.          

2. Зүл-хиджаның алғашқы сегіз күнінде ораза ұстаудың үкімі. Бұл күндерде жалпы ізгі амалдарды істеу мұстахаб болғандықтан ораза тұту да мұстахаб, сүннет емес. Ораза ұстау – ізгі амалдардан. Бұл күндерде арнайы ораза ұстауға қызықтырып келген хадистер болмағанымен, ораза тұту Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызықтырып келген ізгі амалдардың құрамына кіреді.

3. Арапа күні ораза тұту үкімі. Арапа күні ораза тұту – сүннет. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол күні ораза ұстады әрі ол күні ораза тұтуға қызықтырды. Әбу Қатададан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Арапа күні ораза ұстау арқылы, Алладан өткен және келер жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін»[5]. Арапа күні ораза тұту қажылық амалын істеп жүрген адамдардан басқаларына сүннет саналады. Ал қажылықта жүрген адамдар сол күні құлшылыққа белсенді әрі үнемі дұғада болу үшін ораза тұтуға тиым салынған. Арапа – зүл-хижжаның тоғызыншы күні. Ол күні ораза ұстау хадисте келгендей екі жылдық (өткен және келер жылғы кіші) күнәларды кешіреді.

4. Оныншы күні ораза тұтудың үкімі. Зүл-хижжаның оныншы күні яғни «Құрбан айт күні» және ташриқ (құрбан айттан кейінгі үш күн) күндері ораза ұстауға бірауыздан тиым салынған. Әбу Саид былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айт пен құрбан айтта ораза тұтуға тиым салды»[6].

Ал, Набиша Әл-Һазилидің хадисінде былай келген: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ташриқ күндері – ішіп-жеу және Алланы зікір ету (еске алу) күндері»[7], – деді.

Құрбан айт – құрбандық шалу және міскіндер мен кедейлердің қажетін өтеу күні. Бұл күні құрбандық шалу Әбу Ханифа мәзһабы бойынша дәулетті адамға уәжіп.

Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ﴾

«Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы,құрбан шал»[8].

Сол сияқты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»[9], – деп бұйырған.

Мұндай ескерту құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Құрбандыққа жарайтын түйе бес жасар, сиыр екі жасар болуы қажет. Ешкі бір жасқа толғанда, ал қой бір жасар немесе алты айлық марқа қозы (бір жасар қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Құрбандық малдың дені сау, еті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбандыққа мына төрт мал жарамайды: анық соқыр, айқын көрініп тұрған ауру, анық байқалып тұрған ақсақ, жілік майы жоқ арық мал»[10], – деген.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім намаздан кейін құрбандық еткен болса, оның құрбандығы қабыл болады және ол мұсылмандардың сүннетіне сай келеді»[11], – деген.

Зүл-хижжа айының алғашқы он күнінде істелген амалдардың сауабы мол болғаны үшін мұсылмандар оны қадірлеп, ораза тұтсын, туысқандарының арасын біріктірсін, садақа берсін, Алла Тағаланы көп еске алсын, нәпіл намаздарды көбейтсін, Құран оқысын, дұға етсін және пайғамбарлардың абзалы Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауатты көбейтсін.    Ең дұрысы Аллаға ғана мәлім!                                           

[1] «Фәжр» сүресі 1-2 аяттар.

[2] Ибн Хиббан риуаят еткен.

[3] Ахмад және Табарани риуаят еткен.

[4] Бухари риуаят еткен.

[5] Муслим риуаят еткен.

[6] Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[7] Муслим риуаят еткен.

[8] «Кәу­сар» сүресі, 2-аят.

[9] Ибн Мәжа риуаят еткен.

[10] Нәсаи және ибн Мәжа риуаят еткен.

[11] Бухари мен Муслим риуаят еткен.

fatua.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.