Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жастар саясатына қатысты жайттар талқыланған секциялық отырыстар басталды (ФОТО)

0 2  166
Елорда төрінде Еуразия кеңістігіндегі елдердің дін ғұламаларының басын қосқан «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманның сын-қатерлері»  атты IV Халықаралық діни-ғылыми конференция аясында шетелдік дінбасшыларының қатысуымен секциялық отырыстар өз жұмысын бастады. Жас ұрпақты деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтандырып, дұрыс діни ақпаратпен қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында өтіп жатқан айтулы басқосудың алғашқы отырысы «Мұсылмандар діни басқармасындағы жастар саясаты: теория және практика» тақырыбына арналып, шетелдік және еліміздің көрнекті дін ғалымдарының  тұшымды баяндамаларымен толыға түсті. Көршілес мемлекеттердің дін қайраткерлерінің күшін біріктіріп, тәжірибе алмасуға, жаһандық діни мәселелерді шешуде жаңа әдіс-тәсілдерді ұсынып, ұлтаралық, конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған 1-секция отырысында түрлі тақырыптарда баяндамалар жасалып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.

ҚМДБ Халықаралық қатынас және хаттама бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров және Финляндия Ислам ұйымының имам-хатыбы Рамиль Белявтың модераторлығымен өткен секциялық отырыс аясында көршілес елдердің жастар саясатына қатысты жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, ортақ ынтымастыққа үлес қоса түсті.  Отырыс барысында Халықаралық конференция жұмысына арнайы шақырылған Қырғызстан Президенті жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшесі, «Дін, құқық және саясат» талдамалық орталығының директоры Маликов Кадыр, Мәскеу қаласының мүфтиі Ильдар Аляудинов, Ташкент ислам университетінің ректоры Гафуров Уйгун, «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор Мұхаммед Шахат әл-Жинди, «Қазақстан дінтанушылар сьезі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сатершинов Бақытжан, Ислам мәдениетін, ғылым мен білім беруді қолдау қорының  үйлестіру орталығының жетекші сарапшысы Албогачиев Магомед-башир және «Яссауи» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Досай Кенжетай мазмұнды баяндамалар жасап, алқалы жиынның салмағын арттыра түсті.

Көршілес елдердің дін ғұламалары түгел бас қосқан Халықаралық конференция жұмысы аясында бұдан бөлек екі секциялық отырыс өтіп, жастар тақырыбына қатысты күрделі жайттар талқылана түсетін болады.  

muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.