Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚҰРБАН АЙТ БАСТАЛДЫ (фото)

0 1  877

11-тамыз. Нұр-Сұлтан. /SUNNA.KZ/ – Әлем мұсылмандары бүгін Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін тойлауда.

Нұр-Сұлтан мешіттерінде қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай, айт намазы ҚМДБ-ның бекіткен кестесі бойынша таңғы сағат 07:00-де оқылды. Елорда жамағатының бір бөлігі айттың алғашқы күнін «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне жиналып, айт намазына қатысты. Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, мешіттің ішкі залдары мен ауласында ине шаншар орын қалмады. Айт намазын ашық аспан астында оқығандар көп.

Таң сәріден Алла үйіне жиналған жамағатты «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазанов Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Құрбан айттың шығу тарихы және мән-мағынасы жайлы тұщымды уағыз-насихат айтты.

Намаздан кейін Айт хұтпасы оқылып, мешіт ақсақалдары Жаратушы Алладан еліміз бен жерімізге амандық, тыныштық тілеп, дұға жасады. Дұға жасалып болғаннан соң, мешітке жиналған мұсылмандар бір-бірін Құрбан айт мейрамымен құттықтап, мерекелік шаттыққа бөленді. 

Айт мейрамына орай, мешіт жанынан тігілген қазақы ақбоз үйде арнайы айттық дастарханы жайылды. Мешітімізге арнайы айттап келген зиялы қауым өкілдері және мешіт ақсақалдары қатысты.

Айт намазы оқылып болған соң, ниет білдірген қауым арнаулы белгіленген орындарда құрбандық шалуға бет алды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.