Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алла Елшісі (с.а.с) ғайыпты білетін бе еді?

0 778

Бір нәрсені көрмеу, білмеу сынды кемшіліктер әу бастан адамға тән. Ғайыпқа илану мұсылманның бір артықшылығы. Адам баласы уақыт пен кеңістікке, болмысқа тәуелді бола отырып, ғайыппен әрдайым бетпе-бет келеді. Ғайып – адамзаттың өзінен бастап көзге көрінетін әлемнен ары асып, метафизикалық әлемге қарай соқпағы созылып жатқан ұғым. Құран кәрімде ғайыпты Алладан басқа ешкімнің де біле алмайтыны жайлы былай делінген: «Былай де: «Жердегілердің де, көктегілердің де ешқайсысы ғайыпты білмейді. Ғайып тек Аллаға ғана аян және олар қашан тірілтілетіндерін де білмейді» («Нәміл» сүресі, 65) және «Ғайып тек Аллаға белгілі. Ол құрлық пен теңіздегі барлық нәрсені түгел біледі. Жапырақтың үзіліп түскенінен де хабардар. Қараңғы жер астында көміліп қалған дәнек те, қураған шөп пен жас өсімдік те кітапта (тағдыр кітабында) жазулы» («Әнғам» сүресі, 59) .

Осы сынды бірқатар аяттарға қарағанда, Алла Тағала өзінің ғайыпты білетін шексіз іліміне ешкімді де ортақ етпейтінін байқаймыз, бірақ өзінің таңдаулы құлдарына кейбір нәрселерді білдіруі мүмкін. Солардың бірі – Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.). Оны жан-жақты қорғап, көрмеген-білмеген кейбір ғайыпты уахи етеді. Берген хабарының мазмұны оқиға түрінде жүзеге асады. Көбіне аят пен ишарат арқылы мәлім етіледі. Алла тарапынан осылайша ілімге иелік еткенімен, ғайыпты білген болып есептелмейді, өйткені пайғамбар білу үшін бір нәрсеге мұқтаж. Білгеннің өзі абсолютті ғайып емес, хабар берілген ғайып.

Расулалла (с.а.с.) өз бетінше ғайыпты біле алмайды. Оған (с.а.с.) Алла қалағанын білдіреді. Құранда «Міне, бұлар ғайып хабарлары. Мұны саған уахи етіп жатырмыз. Бұдан бұрын сен де, елің де білмеуші еді. Сабыр ет. Түбінде жетістікке жететіндер – тақуалар» («Һуд» сүресі, 49) деген. Осы жерде де хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғайыпқа қатысты кейбір мағлұматтарды білгені ескертілген. Үмбеті алда кездесетін оқиғаларды, қияметтің жағдайы сынды кейбір хабарларды жеткізуі осы ойымызды нақтылай түспек.

Құранда «Ол (Мұхаммед) өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» деп Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айтқандарының барлығы Алладан келген уахи екендігін білдірген, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) болашақ жайлы айтқандары міндетті түрде жүзеге асқан. Бұл жайында бірнеше мысал бере кетейік:

Христиан дінін ұстанатын римдіктер 613-614 жылдары пұтқа табынушы парсылармен соғысып жеңіліске ұшырады. Осы жеңілістен кейін 7 жыл өткеннен соң римдіктердің қайта жеңіске жететіндігі жайлы аят түседі. Аятта «…Ең жақын жерде римдіктер жеңілді. Олар жеңілгеннен кейін бірнеше жылдың ішінде қайта жеңіске жетеді…» («Рум» сүресі, 2-4).

Парсылар Шам жерін, Палестина мен Мысырды жаулап алды. Қасиетті шіркеулерін күйретті. Римдіктердің жағдайы қатты нашарлады,көптеген шығынға ұшырады, тіпті ел болып қайта аяққа тұруы мүмкін еместей күйге түсті. Рим королі Гераклге өзінің қарамағындағылар қарсы шығып, басшылық ыдырай бастады. Қысқасы, барлық ел Римнің күйрейтін сәтін күтіп отырды. Міне, осындай сәтте мұсылмандарға «Рум» сүресіндегі аят түскен болатын. Аятта римдіктердің бірнеше жыл ішінде қайта жеңіске жететіндігі білдірілді. Біреулер үшін бұл аятқа сену мүмкін емес көрінді, тіпті араб мүшріктері Құранның бұл аятындағы хабар орындалмайды деп сенді. Алайда Құранның басқа аяттары секілді бұл аят та ақиқат болғандықтан орындалатыны сөзсіз еді. 622 жылы римдіктер қайта күш жинап Парсыларға соққы беріп, жеңіске жетті. 627 жылы екі жақтың әскерлері соғысып, римдіктер парсылардың отарлап алған жерлерін азат етіп, өздеріне қайтарып алды. 630 жылы Парсылардың басшысын жеңіп, Құдыс жерін өздеріне қайтарады. Осылайша аятта айтылған «бірнеше жыл ішінде» дегені 3 пен 9 жыл арасын білдіретін болғандықтан, аят түскеннен кейін 9 жылдың ішінде аят ақиқатқа шықты.

Бұл аяттағы тағы бір мұғжиза, ол кезеңдегі ешкімнің білуі мүмкін емес географиялық нақтылық. «Рум» сүресінің 3-аятындағы «Әднәл-ард » сөзін тәпсірші ғалымдар «ең жақын жерде » деп тәпсірлесе де кейбір тәпсіршілер бұл сөздің тікелей мағынасын алып «ең төменгі жер» деп түсіндірген. Бұл мағынаны алғанда римдіктердің «дүниенің ең төмен жерінде» жеңілгендіктері шығады. Қазіргі таңда жер шарының ең төмен жері «Лут көлі» (Өлі теңіз) болғанын көреміз. Бұл жер, теңіз денгейінен 399 метр төмен орналасқан, сондықтан қазіргі зерттеулер нәтижесі бойынша ең төменгі жер осында. Ал римдіктердің ең ауыр соққыға ұшырап, жеңіліске ұшыраған жері осы «Лут көлінің» маңындағы Құдыста болған. Олай болса, ол кездері жердің ең төменінің қайда екендігін және ол жерде жеңіліске ұшыраған римдіктердің қайта жеңіске жететінін бір Алладан басқа ешкім білмейтін.

Бұл аят түскенде Әбу Бәкір мүшріктерге: «Алла сендерді ешқашан табысқа жеткізбесін! Алланың атымен ант етемін, бірнеше жыл ішінде римдіктер парсыларды жеңеді», – дейді. Сонда қарсы тараптағы Үбәй ибн Халаф Әбу Бәкірмен үш жылға он түйеге бәстеседі. Осы жайтты естіген Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірге: «Бірнеше жыл» деген 3-тен 9-ға дейінгі сан, бәстесулеріңнің уақытын ұзартып, түйенің санын арттыр», – дейді.

Артынша Әбу Бәкір барып Үбәй ибн Халафпен кездесіп, бәстесуді жүз түйеге, уақытын тоғыз жылға ұзартты.
Артынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға һижрет етті. Ұхұд соғысында Үбәй қайтыс болады. Бәсекеден жеті жыл өткеннен кейін римдіктер парсыларды жеңеді. Әбу Бәкір Үбәйдің мұрагерлерінен 100 түйені алып Аллаһ елшісінің құзырына келді. Аллаһ елшісінің нұсқауымен 100 түйені садақа етті (Кәшфул-хақайық ан нукутил аяти уад-дақайқ, Мұхаммед Карим әл-Бақуи, «Рум» сүресінің тәпсірі. Сайд Құтып, «Фи зилалил Құран», «Рум» сүресінің тәпсірі) (Бұл оқиға екі жақтық бәстесуге тыйым салыну үкімі түспей тұрып болды).

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірнеше сахабаларымен мешіт тұрғызып жатқанда Аммарға кімдердің қолынан қаза табатыны жайлы: «Әй, байғұсым- ай, сені бүлік шығарушы топ өлтіреді» (Кәнзүл-Уммал, 13/536; (қар: Бұхари, Саләт, 63; Мүслим, Фитән, 70,72,73; Мүснәд, 12/161,164) деп хабар береді. Алла елшісінің бұл сөзі де отыз жылдан кейін іске асып, Аммар хазірет Алиге қарсы бас көтерген бүлікшілердің қолынан шейіт кетті.
Пайғамбарымыз бірде Абдуллаһ ибн Бусрдың басына мүбәрак қолдарын қойып: «Бұл бала дәл бір ғасыр жасайды», «Жүзіндегі мына сүйкімсіз сүйелдер де кетеді», – деді. Сахабалар бұл хадисті растап: « Ол кісі жүз жыл өмір сүрді, жүзіндегі сүйелдері де кетті », – деді.

«Менен кейін халифат отыз жыл салтанат құрады», – деді. Бұған да тарих куә. Атақты төрт халифа мен Алидің ұлы Хасанның мұсылман үмбетін басқаруы 30 жылға созылды.
«Осман Құран оқып жатқанда өлтіріледі». Айтқанындай хазірет Осман (р.а.) Құран оқып отырғанда бүлікшілер қолынан һижри 35-жылы зулхижжа айында шейіт болды.
Бәдір соғысы басталмай тұрып құрайыш мүшріктерінен кімнің қай жерде өлетінін жеке-жеке көрсеткен еді. Айтқаны айна-қатесіз келді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) сырқаттанып жатқан күндердің бірінде қызы Фатима анамызды (р.анһа) қасына шақырып алып, құлағына сыбырлайды. Хазірет Фатима осы сыбырды ести сала жылап, жүзінен мұң байқалды. Артынша Алла елшісі оның құлағына тағы да сыбырлады. Бұл жолы Фатима анамыз қатты қуанды. Бұл жайды Айша (р.анһа) анамыз да байқап қалып мән-жайды сұрағанда, Фатима анамыз: «Бұл Алла елшісіне тиісті сыр», – деп мән-жәйді айтпады. Хазірет Айша Пайғамбарымыз дүниеден озғаннан кейін арада біраз уақыт өткеннен соң Фатима анамыздан қайта сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Бірінші шақырған кезде, өзінің көз жұматынын айтты, сол үшін жыладым (Бұхари, Мәғази, 83; Мүслим, Фәда’илу’с-Сахабә,98.). Екінші рет шақырғанда, «Отбасының ішінде алғашқы қауышарым сенсің» деді. Мен соған қуандым», – деп жауап береді (Бұхари, Мәнақиб, 25; Мүслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 98, 99) . Айтқандай,

Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден озғаннан кейін алты ай өтісімен Фатима анамыз дүние салды.
Ыстамбұлдың алынуы. Алла елшісі (с.а.с.) бір сөзінде былай дейді: «Константинополь (Ыстамбұл) бір күні сөзсіз алынады. Оны алған қолбасшы – неткен керемет қолбасшы! Оны алған әскер неткен тамаша әскер!» (Мүстәдрак, 4/422; Мүснәд, 4/335.) Осы сөз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аузыннан шыққаннан бері қаншама сахабалар мен дінді жеткізуді өзіне міндет еткен мұсылмандар сан рет Ыстамбұлдың түбіне дейін келіп, оның іргесіне ат басын тіреп тұрып, ала алмай кері қайтқан. Соңында Фатих Сұлтан хадистегі сүйінші хабардың іске асуына себепкер болды. 1453 жылы 6 сәуірде Стамбулды азат етіп, Пайғамбарымыздың бұл айтқан сөзі де Алланың қалауымен орындалды.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

sunna.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.