Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаратқанға құлшылықтан кейінгі парыз

0 480

Барша адамзаттың жаратылу мақсұты – Алла тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы. Құранда бұл ақиқат, яғни Алла тағаланы танып, Оған лайық түрде құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндеті айтылады. Ұлы Жаратушы Иеміз адамдарға Өзіне құлшылық жасаумен қатар, ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады. «Исра» сүресінің 23-аятында Алла Тағала: «Раббың тек қана өзіне құлдық, ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды», – деп, Алла Тағалаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың да парыз екенін мәлімдейді. Алла тағалаға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудың бір аятта, бірінен соң бірі баян-далуы – Алла Тағаланың ата-ананы қадірлеуге қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Әрі бұл аятта Алла тағалаға құлшылық пен ата-анаға жақсылық жасау арабшадағы «қада» етістігі арқылы берілген. «Қада» етістігінің мағынасы «нақты үкім берді, бұйырды» дегенді білдіреді. Демек, Алла Тағалаға құлшылық жасау адамдар үшін нақты үкіммен бұйырылған парыз болса, ата-анаға жақсылық жасау да сондай маңызды парыздың бірі. Бұл аятта «нақты үкім берді» деген етістіктің қолданылуының да өзіндік сыры бар: Алла тағаланың алдында құлшылық жасамауға адамдардың айтатын ешқандай сылтауы жоқ. Себебі адам баласын жаратып, өміріндегі барлық нәрсені оған нәсіп еткен Алла Тағала.

Сондай-ақ, ата-ана ақысын аяқ астына таптауға да ешкімнің құқығы жоқ. Себебі адам болып жаратылған күннен бастап өмірінің соңына дейін оған жанашырлық танытатын осы абзал жандар. Сондықтан Алла Тағала ата-ана ақысына қатысты да «нақты үкім бердім» дейді. Аятта ата-анаға жасалатын жақсылық араб тіліндіге «ихсан» сөзімен берілген. Ихсан сөзінің мағынасы «ата-анаға құрмет көрсеткенде, қолғабыс жасағанда Алланы көріп тұрғандай шынайы әрекет ету» дегенді білдіреді.

Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) осы аяттың «ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деген бөлімін: «Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киіміңнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін», – деп тәпсірлейді. Осылайша ата-ананың көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді.

«Ниса» сүресінің 36-аятында да Алла Тағала құлдарына: «Тек қана Аллаға ғибадат етіп, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-анаға, туысқандарға, жетімдерге, кедейлерге, жақын көршілерге, алыс көршілерге, жол серігіңе, ғаріп пен жолаушыларға, қол астыңдағыларға да жақсы қарым-қатынаста бол. Алла тағала өзімшіл және мақтаншақтарды жақсы көрмейді» деу арқылы ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады. Аятта Алла Тағала адамдарды бір-біріне жақсылық жасап, құрмет көрсетуге шақырады. Қоғамдық қатынастарда игілікті негіз етіп белгілейді де сол игіліктің төріне ата-ананы шығарады. Алла Тағалаға ғибадат етіп, Оған серік қоспау әмірінен кейін бірінші орында ата-анаға құрмет көрсетілу керек екендігі баяндалады.

«Сендерге Алланың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар! Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да, сендерге де ризық береміз. Жасырын болсын, жария болсын, жамандыққа жуымаңдар. Нақақтан адам өлтірмеңдер. Ойлануларың үшін Алла сендерге осыларды өсиет етеді»  («Әнғам» сүресі, 151-аят) деген аятта да ата-ана ақысы Алланың ақысынан кейін айтылады. Бұл аятта адам баласына жүктелетін екі ақы бірінен кейін бірі баяндалады.

Алғашқысы – Алланың ақысы. Алланың ақысы дегенде ең бірінші ойға оралатыны – Оның жалғыз, дара екеніне сеніп, Оған ешқандай серік қоспау.

Екіншісі – кісі ақысы. Ал кісі ақысында бірінші орында адам баласы үшін ата-ана алдындағы борышы тұрады. Осыған орай аятта ата-анаға жақсылық жасап, қайырлы ұрпақ болу міндеті дереу Алланың ақысынан кейін айтылған.

Құран Кәрімдегі келесі аятта Алла Тағала Исраил ұрпақтарына да Өзіне құлшылық ету міндетінен кейін ата-анаға жақсылық жасауды бұйырғанын баяндайды: «Бір кездері Исраил ұрпақтарынан: «Алладан басқасына құлшылық қылмаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, жақындарыңа, жетімдерге, кедей-кепшіктерге қайырымды болыңдар, адамдарға жақсы сөздер айтыңдар, намаз оқыңдар, зекет беріңдер», – деп, уәделерін алған едік. Сол серттен көбің тайып кеттіңдер» («Бақара» сүресі, 83-аят).

Демек, ата-анаға құрмет тек қана әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне ғана емес, бізден бұрынғы пайғамбарлардың үмбеттеріне де өсиет етілген маңызды міндет екенін көреміз. Сахаба Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан: «Аллаға ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей, уақытында оқылған намаз».

Сахаба әрі қарай сұрағын жалғастыра түседі: «Уа, Алланың Елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?» дегенде, Алла расулы: «Ата-анаңа жақсылық жасау» – деп жауап қатады. (Бұхари. Жиһад. 1; Әдеп, 1; Муслим, Иман, 137-140).

Мән беріп қарайтын болсақ, Құранда Алла Тағала Өзіне құлшылықтан кейін ата-ананы қастерлеуді бұйырса, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де Жаратушы Иенің үйретуімен ата-анаға жақсылық жасауды құлшылықтан кейінгі маңызды іс ретінде қарайды. Сондықтан хадистерде де Алла Тағалаға құлшылықтан кейін ата-ана ақысы баяндалады. Аллаға құлшылықтан кейін орындауымыз керек міндет ретінде айтылатындай бұл мәселенің қандай маңыздылығы бар? Бұл сұрақтың жауабын тәпсірші ғалымдар былай деп түсіндіреді:

1) Адамның дүниеге келуінде негізгі себеп – Алла, жанама себеп – ата-ана.

2) Адам баласының материалдық және рухани жағынан өсіп, кемелденуі ең әуелі Алла тағаланың нығметтеріне тиесілі болса, одан кейінгі орында ата-ананың жанкештілігі, өздерін сол жолда пида етуге даяр сүйіспеншілігі тұрады. Себебі ата-ана – баланың жарық дүниеге келуінде дәнекер әрі оның өсіп-жетілуін мойнына алатын тәрбиеші. Басқа адамдар баланың тәрбиесіне үлес қосқанымен, оның дүниеге келуіне себеп бола алмайды. Басқалары баланың өсіп-жетілуіне қамқорлық жасағанымен, әке-шешесі секілді шыбын жанын шүберекке түйіп, бары мен жоғын оның жолына сарп ете алмайды.

3) Алла Тағала құлдарына беретін нығметтері үшін ешқандай ақы талап етпейтіні секілді, ата-ана да баласының жолына төккен бар қажыр-қайраты, есіл еңбегі үшін түйірдей болсын ақы алуды ойламайды.

4) Алла Тағала құлдарын күнәһар болса да нығметтеріне бөлегені секілді, ата-ана да баласының тілазарлығына қарамастан өмірінің соңына дейін жанашыры болып өтеді.

5) Алла Тағала құлдарының жасаған жақсы-лықтарына Өзінің ұлықтығына тән сипатпен разы болып, сауабын молынан нәсіп ететіні секілді, ата-ана да баласының жетістігіне шын жүректен шаттанып, асқар шыңға қол жеткізуі үшін әрдайым демеп отырады. Сондықтан қасиетті Құран Кәрімде кісі ақысына қатысты мәселеде ең әуелі ата-ананың орны айтылып, аят пен хадистерде оларға құрметтің маңыздылығы Аллаға ғибадат етуден кейінгі ретте көрсетілген.

материал «Жұмақтың кілті жаныңда» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.