Кім еді?
Әлімхан Ермеков – 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне оқуына барып оны бітіріп шығады. 1905 жылы Семейдегі гимназияға түседі де, оны алтын медальмен аяқтайды. Сондай-ақ, ол Томск технология институтына оқуға түсіп, оны бітіріп шығады.
Ә.Ермеков Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшелерінің бірі һәм бірегейі болды. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығындағы Орынборда ІІ жалпықазақ сиезі өтіп Алаш Орда үкіметі құрылады. Үкімет құрамына Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпайұлы, М.Тынышбай, Ж.Досмұхамедұлы, Б.Құлманов сынды алаш арыстарымен бірге 26 жасар Ә.Ермеков те енеді. Алашорда тарқатылғаннан кейін 1920 жылы Қазақ елінің шекарасын заңдастырады.
Саналы ғұмырын ұлт мүддесі жолына арнаған Әлімхан Ермеков кеңес үкіметі тұсында әртүрлі қызмет атқарады. Ол 1937-1938 жылғы зобалаңнан М.Әуезов екеуі аман қалады. Алаштың бегзадасы атанған Әлімхан 1970 жылы ауыр науқастан қайтыс болады.
Не дейді?
Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт – Отанды болды. Автономия бізге өмірлік мақсат еді, алыстағы жұлдыз еді. Іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл дүние жүзін жаңғыртып, алаш ұранын шақырып отыр. Алаш, көтер басты, уақыт жетті сүртерлік көзден аққан қанды жасты.
Автономиясыз жұрт – жер-суға ие емес, көптің ауызына қарайды. Қазақ-қырғыз жұрты жерінен айырылса, шаруасы күйзеледі, малынан айырылады. Малмен адамның өмірі байлаулы. Малдан айырылған жұрт өмір жүзінен жоғалмақшы.
Автономияны бұл күнде жария қылу жалғыз жерімізді қоғау үшін емес, адамның өмір сүруіне су мен ауа қандай керек болса, жұрт болып жасайтын халыққа автономия сондай керек.
Алаш автономиясына құран оқылып, ат қойылғана жалпы қазақ сиезінде ел ішінен келген қария-ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді: бұл күнді көрген енді біздің арманымыз жоқ деп. Ел не айтады, ілгері күн көрсетеді. Бірақ, кейінгі ұрпақтың алғыс-қарғысы біздің мойнымызда.
Бүкіл Россиядағы ұлттардың бәрі ұран салып, ұлт туының астына жиылып, өлердей ұмтылып, жерлік-ұлттық автономия алып жатқанда, тұтас жері бар 6 миллион қазақ халқы қарап отырып қалса, жұрттығын жоғалтып, өзін-өзі тірідей көмгені. Иншалла, сенеміз, алаш туының астына жиылмайтын қазақ-қырғыз баласы болмас, тігілген Алашордасын құлатпас деп. Жасасын Алаш автономиясы!
Біз қазақ халқы деп тудық, сол халық деп дүниеден өтеміз де. Басқа ой-пікір болған емес, болмайды да.
«Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан алынды.
Sunna.kz