13 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Биыл қазанда өтетін Ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
«2020 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағын өткізу уақыты мен кезеңі.
Халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. Дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында болады. Бұл кезеңде интервьюерлер үйлерді аралап, онда тұратын тұрғындардың нақты санын анықтайды. Осы кезеңде санақты аудандарға бөлу дайындық жүргізіледі, – дейді Нұрболат Айдапкелов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Ол санақты аудандарға бөлудеген өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу екенін айтты.
Екінші, яғни негізгі кезең 1-30 қазан аралығында болады. Қазан айының 1 мен 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет-сауалнамада респонденттер өзіне және отбасы мүшелеріне Интернет желісі арқылы sanaq.gov.kz арнайы сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Сонымен бірге, сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар. Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі», — дейді ол.