Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құрбандық орнына садақа беруге бола ма?

0 1  475

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу дәулетті[1], муқим (жолаушы болмаған), азат мұсылманға – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал»[2], – дейді.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  مَنْ كَانَ لَهُ سَعَةٌ وَلَمَ يُضَحِّ فَلاَ يَقرَبَنَّ مُصَلَّاَنَا

«Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын»[3], – деген. Мұндай ескерту уәжіп міндетін орындамаған адамға қаратып айтылады.

Тағы бір хадисте:

 مَنْ ذَبَحَ قَبْلَ الصَّلَاةِ فَلْيَذْبَحْ شَاةً مَكَانهَا وَمَنْ لَمَ يَكُنْ ذَبَحَ فَلْيَذْبَحْ عَلَى اسْمِ اللَّهِ

«Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын»[4], – делінген.

Сондықтан біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет[5].

Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Демек құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс.

Ал Имам Юсуф пен Имам Мұхаммедтің бір көзқарасында және малики мен шафиғи мәзһабтарында құрбан шалу – сүннет. Олар дәлел ретінде мына хадисті көрсетеді:

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إذا رَأَيْتُمْ هِلالَ ذِي الحِجَّةِ وأَرادَ أحَدُكُمْ أنْ يُضَحِّيَ فَلْيُمْسِكْ عن شَعْرِهِ وأَظْفارِهِ

«Сендерден зұл-хижжә айын көріп, құрбан шалуды қалаған адам оның (құрбандықтың) жүні мен тұяғын ұстасын», – деген[6]. «Құрбан шалуды қалаған» деп айту шариғатымыздың бұл істі міндеттемейтінін білдіреді[7].

Сондай-ақ, Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған үш нәрсе міндеттелді, ал сендер үшін нәпіл (ерікті құлшылық). Олар: үтір намазы, құрбан шалу және құрбан айт намазы», – деген[8].

[1] Дәулетті деп құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.

[2] Кәусар сүресі, 2-аят.

[3] Ахмад риуаят еткен.

[4] Мүслим риуаят еткен.

[5] Радд ул-мухтар, 9/454.

[6] Мүслим риуаят еткен.

[7] Фатху баб әл-ғиная, 3/284.

[8] Ахмад, Хаким риуаят еткен.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.