Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Өтірік айту

0 8  320

Өтірік сөйлеу – тіл арқылы көрініс табатын аса қауіпті жүрек ауруларының бірі. Алла Тағала жүрегінде мұндай дерті бар адамдардың ақыреттегі жағдайын былай баяндайды: 

فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللَّهُ مَرَضًا ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ

«Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар»[1].

Өтірік айтқан, адамдарды алдауды әдетке айналдырған адамды қоғам жек көреді және ондай жанды ешкім дос тұтпайды. Өйткені өтірік айту – мұнафықтың (екіжүзді) белгісі Алла Тағала Құран Кәрімде екі жүзді адам жайында:

إِذَا جَاءَكَ الْمُنَافِقُونَ قَالُوا نَشْهَدُ إِنَّكَ لَرَسُولُ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ إِنَّكَ لَرَسُولُهُ وَاللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّ الْمُنَافِقِينَ لَكَاذِبُونَ اتَّخَذُوا أَيْمَانَهُمْ جُنَّةً فَصَدُّوا عَن سَبِيلِ اللَّهِ ۚ إِنَّهُمْ سَاءَ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ ﴿٢﴾ ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ آمَنُوا ثُمَّ كَفَرُوا فَطُبِعَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ فَهُمْ لَا يَفْقَهُونَ

«(Мұхаммед саған мұнафықтар келген кезде: Сені анық пайғамбар деп айғақ боламыз, – деді. Сенің хақ пайғамбар екеніңді Алла біледі. Сондай-ақ, Алла расында мұнафықтардың мүлде суайт екендігіне куәлік етеді. Олар анттарын қалқан етеді де, Алланың жолынан тияды. Күмәнсіз олардың істегендері нендей жаман? Міне, расында, олар иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар, түсінбейді»[2], – дейді.

Осыған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадисінде:

أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا ، وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا : إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ

 «Нағыз мұнафықтың төрт сипаты бар. Егер адамда осы төртеудің бірі бар болса, онда оның бойында мұнафықтың белгісі болғаны. Ол содан арылуы қажет. (Олар): аманатқа қиянат жасайды; сөйлесе өтірік айтады; уәдесін орындамайды және тартысса, дау шығарады»[3] .

Жалған айтудың зардабы:

Жүрек мазасызданады:

Адам өтірік айтқан сайын өзін тығырыққа тірегенін сезбей қалады. Өмірінің мәні кетіп, жүрегінің түбінде сол өтірігіне күндердің-бір күнінде тұтылатынын іштей сезеді. Қазақта «өтірікшінің арты бір тұтам» деген сөз осыған байланысты айтылса керек.

Әбу Хаура Сағдиден келген хадисте: «Бір күні мен Әли ұлы Хасаннан Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) не жаттадың?» – деп сұрадым. Ол: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Күмән туғызатын нәрсені тастап күмән тудырмайтынға қарай бет ал, шындығында туралық ол жүрек тыныштығына апарады ал өтірік болса күмәнға апарады»[4] – деген өсиетін жаттадым», – деп жауап берді».

Өтірік айту жүрек ауруына шалдықтырады:

Бір өтірік айтқан адам бұл ісін тоқтатып, дер кезінде өзін тежемесе, уақыт өте сөзіне өтірік қоспаса, өзін жайлы сезіне алмайтындай жағдайға жетеді. Есірткі қабылдауы жиілеп, есірткі дозасы көбейген нашақор адамның кейпіндей уақыт өте өтірікке бойы үйреніп, бір өтірігінен екінші өтірігі асып түсетіндей жағдайға келеді. Алла Тағала ондай адамдардың сипаты жайында былай баяндайды:

 وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَقُولُ آمَنَّا بِاللَّهِ وَبِالْيَوْمِ الْآخِرِ وَمَا هُمْ بِمُؤْمِنِينَ * يُخَادِعُونَ اللَّهَ وَالَّذِينَ آمَنُوا وَمَا يَخْدَعُونَ إِلَّا أَنْفُسَهُمْ وَمَا يَشْعُرُونَ * فِي قُلُوبِهِمْ مَرَضٌ فَزَادَهُمُ اللَّهُ مَرَضًا وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ

«Адамдар арасында (жүрекпен сенбесе де, құр тілімен) «Біз Аллаға және ақирет күніне иман келтірдік» дейтіндер бар, бірақ олар шынайы мүміндер емес. Олар өздерінше Алланы және иман келтіргендерді алдағысы келеді, бірақ түбінде өз-өздерін ғана алдайды һәм соның парқына да бармайды. Жүректерінде (түбіне жетпей қоймайтынын рухани) дерт бар. Алла олардың дертіне дерт қосуда. Үнемі өтірік айтатындықтан оларға жан төзгісіз азаптар бар»,[5] – дейді.

Өтірік ризықты азайтып, берекені жояды:

Ерте ме, кеш пе өтіріктің ақыры адамды құрдымға апарады. Масқарасы ашылған адамның сол уақытқа дейін жиған дүние-мүлкі қолды болуы мүмкін. Өтірікші атанған адаммен ешкім серік болмайды. Өмірінің соңы өкініште, кедейшілікте өтеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбарак хадисінде:

بِرُّ الْوَالِدَيْنِ يَزِيدُ فِي الْعُمُرِ ، وَالْكَذِبُ يَنْقُصُ الرِّزْقَ ، وَالدُّعَاءُ يَرُدُّ الْبَلَاءَ

«Ата-анаға жақсылық, ғұмырды ұзартады, өтірік ризықты азайтады, дұға бәленің бетін қайтарады»[6], – деген.

Бұхари өзінің хадистер жинағында «Саудадағы жасыру (тауардың кемшілігін) мен өтірік айтудың зияны» тақырында бөлім бар. Аталған бөлімде мына хадисті негізге алады:

الْبَيِّعَانِ بِالْخِيَارِ مَا لَمْ يَتَفَرَّقَا ، فَإِنْ صَدَقَا وَبَيَّنَا بُورِكَ لَهُمَا فِي بَيْعِهِمَا ، وَإِنْ كَتَمَا وَكَذَبَا مُحِقَتْ بَرَكَةُ بَيْعِهِمَا

«Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де тауардың құны мен кемшілігін жасырмай шынын айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше тауардың кемшілігін айтпай, құнын жасырып, өтірік айтса (бәлкім пайда табар) сауданың берекесін жояды»,[7] – дейді.

Періштелер қашып, береке кілті жойылады:

Өтірік айтқан адамның жиіркеніштігі сондай адамдарды ғана бездіріп қоймай, періштелерді де алыстады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадисінде:

إِذَا كَذَبَ الْعَبْدُ تَبَاعَدَ عَنْهُ الْمَلَكُ مِيلا مِنْ نَتْنِ مَا جَاءَ بِهِ

«Егер адам өтірік айтатын болса, періштелер сол адамнан (шыққан сасық иістен) қашықтап кетеді»[8], – деген.

Тура жолдан адасады:

Өтірікке жақын адам ол туралықтан алыс адам.Алла Тағала Құран Кәрімде:

                إِنَّ اللَّهَ لَا يَهْدِي مَنْ هُوَ مُسْرِفٌ كَذَّابٌ .

«Расында Алла шектен шыққан (әрі өзіне берілген нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды зая қылушы) өтірікші, кәззапты, әсте тура жолға салмайды»[9].

Алланың рақымынан мақұрым қалады:

Алланың ең жек көретін мақұлықтарының бірі – өтірікші суайттар. Алла Тағала Құран Кәрімде:

                … ثُمَّ نَبْتَهِلْ فَنَجْعَلْ لَعْنَتَ اللَّهِ عَلَى الْكَاذِبِين

«Содан кейін бәріміз бірауыздан шын көңілден Аллаға жалбарынайық сөйтіп, Алланың лағынеті өтірікші кәззаптарға жаусын деп қарғыс айтайық, де»[10].

Алланың азабына душар болады:

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қиямет күні Алла Тағала үш түрлі адаммен тілдеспейді. Оларға (мейіріммен) қарамайды әрі (күнәларынан) тазартпайды, сондықтан олар өте ауыр азапқа душар болады. Олар: шөл далада қажетінен артық ауыз суы бола тұра, оны өзге жолаушылардан аяған адам. Кешкі базарға шығып, сатып алушыны: «Алланың атымен ант етейін! Өзім мұны мынанша бағаға сатып алған едім» – деп сендіріп, дүниесін алдап өткізген адам. Сондай-ақ, ел билеген басшының алдында қара басының пайдасы үшін «саған адал боламын» деп, ант қабылдап, кейін әлгі басшының шарапаты тисе уәдесінде тұрып, ешбір жақсылығын көрмесе, сертінен тайған адам», – деп айтты[11].

Өтірік айтуға рұқсат етілетін сәттер:

Жалпы өтіріктің барлық түрі харам болып саналмайды. Өтірік қоғамға зарары туғанда ғана харам шеңберіне кіреді. Тіпті кейбір жағдайларда өтірік шындықтан қарғанда абзал болады. Егер біреудің арына, өміріне қауіп төнген кезде өтірік айту міндет болады. Сол секілді екі бауырдың арасын татуластыру үшін соғыс кезінде жаудың бағытын басқа арнаға ауыстырып жіберу үшін өтірік айтуға рұқсат етіледі. Демек, шариғатта тек зәрулік жағдайда ғана өтірік айтуға рұқсат етіледі.

Өтірік айтуға итермелейтін себептер:

 1-Өтірікті адам психологиялық тұрғыда қалқан ретінде пайдаланады, өтірік айта салу оның ойынша дәл сол жағдайда шығар жол ретінде көреді.

 2- Сыртқы ортаның әсерінен өзіне ықпал етуші тұлғалардың кесірінен өтірік айтып дағдыланады. Бұл бала кезінде оған қатаң түрде тыйым салынбағанының көрінісі.

 3- Басқа адамдардың назарын аудару, беделін көтеру мақсатында өтірік айтады.

 4- Белгілі бір мақсатқа, атақ-абыройға жету үшін өтірік айтады.

Осы орайда бір өнегелі оқиға есіме түсіп отыр:

Шайдай ашық бір сенбіде досым екеуміз гольф ойнауға бардық. Ол жанына екі ұлын ерте барған еді. Доп алаңына кіру билетін сату орынына келіп, билет сатушыдан бағасын сұрадық. Билет сатушы жігіт:

 – Алты жастан асқандардың әрбірінен 3 доллар аламыз. Ал алты жасқа толмағандар ақысыз кіреді. Сіздің екі ұлыңыз қанша жаста?

 – Отбасымдағы болашақ заңгер 3 жасқа, болашақ дәрігер 7 жасқа толды. Сонда мен сізге 6 доллар беруім керек екен, мырза, – деп күлімсіреді.

Билет сатушы жігіт сәл аңтарыла қарап:

 – Мырза, кешіріңіз, ақшаңыз қалтаңызды тесіп бара ма? 3 доллар үнемдеп қалсаңыз болмас па еді. Маған ұлыңызды алты жасқа толмады деп айтсаңыз болды емес пе? Бәрібір оны анықтап жатқан жоқпын.

 Досым бір күліп алып:

– Иә, шынында оның қанша жаста екенін біліп жатқан жоқсыз ғой. Бірақ, менің ұлым өзінің қанша жасқа толғанын біледі. Ол бәрін де естіп тұр. Мен 3 доллар үшін «суайт әке» атанғым келмейді, – деп жауап берді.

 Шынында да ол гольф добы алаңына емес, өмір алаңына екі бірдей бүлдіршінді бастап бара жатқан әке ғой. Ал өмір деген «алаңға» аяқ басып келе жатқан сәбилер қашан да қырағы. Олар үшін сіздің өзгелерге айтқан сөзіңіз үлкен әсер қалдыратынын ұмытпағанымыз жөн екен-ау, деп әңгімесін аяқтады[12].

Өтірік айтудың ең сорақысы дін атынан жалған сөйлеу. Халалды харам ету, харамды халал ету.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қияметтің белгісі ретінде мұсылмандар арасында өтірік хадис тарайтынын атап өткен:

يَكُونُ فِي آخِرِ الزَّمَانِ ، دَجَّالُونَ كَذَّابُونَ ، يَأْتُونَكُمْ مِنَ الأَحَادِيثِ ، بِمَا لَمْ تَسْمَعُوا أَنْتُمْ ، وَلَا آبَاؤُكُمْ ، فَإِيَّاكُمْ وَإِيَّاهُمْ ، لَا يُضِلُّونَكُمْ ، وَلَا يَفْتِنُونَكُمْ

 «Қиямет таяғанда өтірікші дәжәлдар көбейеді. Сендер және сендердің әкелерің естімеген хадистерді айтады. Оларға еріп адасып кетуден қатты сақ болыңдар»[13], – деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде жалған хадис таратудың дінде үлкен күнә екенін қатаң ескерткен.

                                إن كذبًا عليَّ لَيْسَ كَكَذْبٍ عَلَى أَحَدٍ؛ مَنْ كَذبَ عَليَّ مُتَعَمِّدًا، فليتبوَّأ مَقْعَدَهُ مِنْ النَّارِ

«Менің атымнан айтылатын өтірік басқа өтіріктер секілді емес. Кімде-кім менің атымнан біле тұра өтірік айтатын болса, тозақта өзіне орындық дайындайды»[14] – деген.

Басқа бір хадисте:

                                لَا تَكْذِبُوا عَلَيَّ؛ فَإِنَّهُ مَنْ كَذّبَ عَلَيَّ فَلْيلجِ النار

«Менің атымнан өтірік айтпаңдар шындығында кім менің атымнан өтірік айтатын болса, отқа кіргізіледі»[15], – деді.

Дін атынан жалған сөйлеу Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтпаған сөздерді айту, қоғамда дін негіздерін бұрмалаумен өзінің зиянды әсерін тигізеді. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл жайында:

                وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ تَفَرَّقُوا وَاخْتَلَفُوا مِنْ بَعْدِ مَا جَاءَهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَأُولَئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Өздеріне (ақиқатты көрсететін) анық дәлелдер келгеннен кейін, алауыздықтың кесірінен жік-жікке бөлініп, сан түрлі теріс жолдарға түсіп кеткендер сияқты болмаңдар. Олар үшін алапат азаптар бар»[16] – деп, қатаң ескерту жасаған.

Жалған хадисті тарату атақты имамдардың заманында жиі болатын. Ахмад ибн Ханбалдың кезінде мынандай оқиға орын алды. Бір мысал берер болсақ, Ибраһим ибн Абдул Уахидтан келген хабарда Ахмад ибн Ханбал және Яхия ибн Мағин Расафа мешітінде намаз оқыған еді. Мешіттен шықса мешіт алдында бір қиссашы[17] адам дүйім жұртты жиып алып: «Ахмад ибн Ханбалдан және Яхия ибн Мағиннан жеткен хабар бойынша Абдураззақтан ол Муаммардан ол Қатададан ол Анастан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Кімде- кім лә иләһа илла Алла деп айтатын болса, Алла Тағала оған әр сөзі үшін тұмсығы алтын, қауырсындары маржан бір құс жаратады деп, өзінің қиссасын түгел айтып береді. Сол кезде Ахмад ибн Ханбал Яхия ибн Мағинға қарап: «Сен бұл хадисті жеткіздің бе»? – деп, сұрады. «Алламен ант етейін бұл әңгімені алғаш естуім», – деді. Қиссашы әңгімесін аяқтап, адамдар берген азын-аулақ ақшаны алғаннан кейін Яхия барып әлгі адамнан: «Бұл әңгімені саған кім жеткізді», – деді. Ол: «Ахмад ибн Ханбал, Яхия ибн Мағин», – деп жауап берді. Яхия ибн Мағин: «Міне, мен Яхия ибн Мағинмін мынау Ахмад ибн Ханбал Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен бұндай хадис естімедік», – деді. «Егер өтірік айтатын болсаң біздің атымыздан өтірік айтпа», – деді. Қиссашы: «Сен шынымен Яхия ибн Мағинсың ба»?. Ол: «Ия», – деп, жауап берді. Қиссашы: «Бұрын Яхия ибн Мағинды ақымақ деп естуші едім, көзім міне жаңа жетіп отыр, дүниеде сен екеуіңнен басқа Яхия ибн Мағин, Ахмад ибн Ханбал жоқ дейсің бе? Мен 17 Ихия ибн Мағин мен Ахмад ибн Ханбалдан хадис оқығам» – деп, келеке қылған бойда жөніне кетеді[18].

Ең кішкене мәселеде де туралықтан таймауыңыз қажет. Тіліңізді жалған сөйлеуден тыю үшін қажетсіз бос сөздерден бойды алыс ұстау керек. Тіпті біреу сізден сағат сұраса, сағатыңыз сол сәтте үштен он жеті кеткен болса, сіз жобалап «он бес кетті» немесе «жиырма кетті» дей салуыңызға болмайды. Сағат тілі қаншаны көрсетсе соны дәл айтуыңыз жөн болады. Көп жағдайда елеусіз қалатын осындай ұсақ мәселелердің өзінде сіз тура болыңыз, тіліңіз өтірікпен былғанбасын, тіліңізден өтірік төгіліп жүрегіңізді жараламасын. «Ұсақ-түйек өтірікте тұрған еш нәрсе жоқ» деп ойлау көптеген өтірікке жол ашады[19].

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Бақара» сүресі, 10-аят.

[2] «Мунафиқун» сүресі, 1-2 аяттар.

[3] Бұхари хадистер жинағы

[4] Тирмизи хадистер жинағы.

[5] «Бақара» сүресі, 8-10 аяттар.

[6] Асбаһаниден жеткен хадис.

[7] Бұхари хадистер жинағы.

[8] Тирмизи хадистер жинағы.

[9] «Ғафир» сүресі, 28-аят.

[10] «Әли Имран» сүресі, 61-аят.

[11] Бұхари хадистер жинағы

[12] https://massaget.kz/kyizdarga/psihologiya/10911/

[13] Муслим хадистер жинағы

[14] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[15] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[16] «Әли Имран» сүресі, 105-аят.

[17] Қиссашы сол заманда қоғамдық жерлерде адамдарға ертегі, әңгіме айтып  нәпақат табатын адам.

[18] https://al-maktaba.org/book/31869/4985

[19] https://fgulen.com/kz/kazakh-kz/1709-kazakh-kz/kitap/sinik-kumira/45893-otirik-jaylagan-qogamda-shynshyl-bola-bilu

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.