Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ашуланғанда не істеу керек?

0 2  807

Бір кісі Салман Фарисиға келіп былай дейді: «Әй, Алланың құлы! Маған насихат айт!». Салман Фариси:

«Ашуланба!» дегенде әлгі кісі: «Ашуланбау қолымнан келмейді», – дейді. «Олай болса, ашуланған кезіңде тілің мен қолыңа ие бол!» – деген екен. Өйткені қысқа сәттегі ашу, пендені өмір бойы өкіндіретін іске жетелейді.

Адам ашуланғанда ашуын басу оған парыз болады. Ал бұл парызды орындау үшін пенденің білімі болуы қажет. Білімі болуы керек дегеніміз мыналар:

Ашуды басу жайлы аят пен хадистерді білу немесе есіне алуы қажет.

Бірде Омар (р.а.) бір кісіге ашуланып, дүре соғуды бұйырады. Сонда ол Омарға Құранның мына аятын оқиды:

«Кешір! Жақсылыққа шақыр және надандарға мән берме» («Ағраф» сүресі, 199-аят). Омар (р.а.) бұл аят жайлы терең ойға салынып, ақырында ол адамды кешірді. Және бірде Омар ибн Абдулазиз бір адамның жазалануы үшін бұйрық берді. Сосын ол адам Құрандағы:

«Ашуларын тыйғандар» («Әли Имран» сүресі, 134-аят) деген аятты оқыды. Омар артынша әлгіні босатқан екен.

Алла тағала Құран Кәрімде тақуаларды сипаттағанда, олардың мына үш сипатын айтады. Олар:

 «… (кек алуға күш жете тұра) ашу-ызасын баса алатындар, (қастандық еткен) адамдарды кешіре алатындар, Алла тағала игі іс істегендерді ұнатады» («Әли Имран», 133-аят) деген.

Алланың жазалауынан қорқу керек. Алла барлық нәрсені көріп, біліп тұр, Оның құдіреті барша жаратылыстан үстем. Егер мен бір адамға ашуланып, оған күш көрсетсем, ақыретте Алла да маған қаһарланып, жазалауы қатал болуы мүмкін.

Ашулы адам өзіне ақылмен тоқтау салмаса, түр әлпеті өзгеріп, арсылдаған итке, жануарға ұқсайтындығын ойлау керек. Ал мейірімді, кешірімді, ашуланбайтын адамның пайғамбарға, әулиелерге, ғалымдарға ұқсайтындығын ойлап, ашуланғанда өзін осылайша тоқтатуы қажет.

 Ашулы адамға шайтан: «Егер сен ашуыңды бассаң, сенің әлсіз, төмен екендігің байқалып, ел ішінде қор боласың, бәрі сені сорлы деп санайды» деп азғырады.

Алайда дүниеде қор болудан емес, ақыретте Алланың, мұсылмандардың алдында қор болудан қорқу керек.

Ақыретте әлі жетпегендер сенен ақысын алады, шын қор болу сол сәтте болмақ. Ашуды қайтарудың тағы бір жолы – ашуланған кезде адамның жағдайын өзгертуі. Мысалы, тұрып тұрған болса отыру, ал егер отырған болса жату т.б.

Алла елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) Әбу Зарға: «Ей, Әбу Зар! Сен бұл әлемде қызыл адамнан да, қара адамнан да дәрежең жоғары емес. Тек амалың арқылы олардан жоғары бола аласың. Ашуланғаныңда тік тұрған болсаң, отыр. Отырған болсаң, жат» деп, ашуды тыюдың жолы, тұрған болсаң отыр, орырған болсаң жат секілді тұрған орныңды өзгерту керектігін айтқан.

Шындығында ашу-ыза адамның жүрегіндегі бір от іспетті. Адам ашуланғанда ісініп, көздері қызарып қорқынышты кейіпке енеді. Осындай кезде ашулы адам Асыл пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) өсиетін есіне алып, егер тұрған болса отырсын, отырса дереу жатсын.

Егер ашу бұдан да кетпесе, салқын сумен дәрет алсын немесе жуынсын. Өйткені отты тек су ғана өшіреді.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) «Кмде-кім ашуланса, сумен дәрет алсын, өйткені ашу оттан», – деген.

Келесісі – ашуланған кезде сабыр сақтап, үндемеу. Тағы бірі – ашуларын жұтқандарға және адамдарды кешірім етушілерге берілетін мол сауапты еске алу.

Муғтамар ибн Сүлеймен былай дейді: «Сіздерден алдыңғы қауымда өте бір ашушаң адам болған екен. Ол үш қағазға бір нәрсе жазып үш кісіге береді. Бірінші адамға: «Мен ашуланғанымда бер», екіншісіне: «Менің ашуым басылғанда бер», үшіншісіне: «Менің ашуым толық кеткенде бер» деп таратып береді. Біраз уақыттан кейін қатты ашулана бастады. Оған бірінші парақты береді. Парақта:

«Сен неге ашуланасың, сен Құдай емессің ғой, Алла бәрін көріп тұр, сен Алладан асып қайда барасың, сен жәй әлсіз пендесің» деген жазуды оқығаннан кейін ашуы біраз басылады. Сосын екінші қағаз беріледі. Ол парақта:

«Жер бетіндегі баршаға мейірімді бол, барша әлемнің жаратушысы Алла тағала да саған мейірімді болсын!» дегенді оқиды.

Сосын ашуы толық басылғаннан кейін үшінші парақ беріледі, онда:

«Адамдарды тек Алланың құқығына кемшілік жасағанда ғана жазала. Өйткені оларды осы ғана дұрыстайды» деп жазылған екен.

Бір хадисте:

«Алланың құзырында ашуын басқан пендеден артық ешкім болмайды. Пенде өз ашуын басса, Алла тағала оның жүрегін нұрға толтырады», – делінген.

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.