Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Уәдеде тұру

0 5  873

Мұсылман үшін асыл қасиет, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезінен болған, имандылықтықтың нышаны – уәдеге берік болу. Уәдеде тұру қазіргі заманда адамдардың бойынан табылуы қиын қасиеттердің бірі. Уәденің жоғалуынан адамдардың сөзіне, амалына күмәнмен қарап, істің орындалатынына толық сенім арта алмағандықтан альтернативті шешімді қарастыратын заманға жеттік.

Біріншіден, біз өзімізге берген уәдені орындамаймыз. Қанша мәрте өмірімізді жаңа сарынға өзгертеміз деп, уәде бердік?! Рухани, материалдық тұрғыда дамимын деп неше мәрте мақсат қойдық?! Бірақ өмірдің біраз белесін ассақ та, өзімізге де, өзге де пайда келтіріп жатқанымыз шамалы!

Екіншіден, қоғам алдында берген талай уәделеріміз орындалмай адамдардың алдында абыройымыз төгілді. Ақыры қоғам сенімінен шыққанымызды байқамай қалдық.

Үшіншіден, жанұямыздың алдында да уәдемізде тұрмаған кездеріміз аз емес. Ата-анамыздың алдында уәде бергіш ұл, бала-шаға, жұбайымыздың алдында уәдесін орындамайтын әке атанып кеткеніміз қашан?!

Ең маңыздысы Раббымыздың алдында берген уәделеріміздің орындалмауы нағыз опасыздықтың белгісі. Неше рет намаз бастаймын, Құран үйренемін деп уәде беріп, Алланың сансыз нығметтерін сезе тұра, біле тұра әлі күнге дейін сол үлкен уәдемізді орындай алмай жүрміз. Алла Тағала құлдарынан уәдеде тұруды қатаң түрде ескертеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады»[1] – деген.

Жәннатқа кіруге лайықты болған сипаттың бірі – өмірде сертте тұру. Ол жайында Құран Кәрімде:

 وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ

«Тағы олар сондай аманаттарын, уәделерін сақтаушылар»[2], – деп жәннат тұрғындарын сипаттаған.

Алла Тағала өзінің сүйікті тақуа құлдарын сипаттаған кезде олардың серттеріне берік екендіктерін мына аятта атап өткен:

 وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ

«Өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар»[3] – деген.

Уәдеде тұру ол барлық пайғамбарлардың қасиеттерінен болып табылады. Алла Тағала Исмайыл пайғамбар жайында:

 وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِسْمَاعِيلَ إِنَّهُ كَانَ صَادِقَ الْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَبِيًّا

«Сонымен қатар, бұл кітапта Исмайыл жайлы да сөз қозға. Шүбәсіз ол уәдеге берік жан еді. Елші әрі хақ пайғамбар еді»[4] – деді.

Ибраһим пайғамбар жайында:

 وَإِبْرَاهِيمَ الَّذِي وَفَّى

«Сондай-ақ міндетін лайықты түрде атқарған Ибраһимнің (парақтардағы ақиқаттардан да хабардар емес пе?)»[5] – деп, сертке берік пайғамбар екенін айтты.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак хадисінде уәдеге берік болу керектігі жайында:

 اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.

 «Маған бес нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар»[6], – деді.

Уәдеде тұрмайтын адамдарды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі жүзділер санатына кіргізген. Бұған қатысты бір хадисте:

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

Мұнафиқтың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды[7], – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және ілгерідегі сәләфтардың өмір жолдарынан уәдеде тұру жайында мысалдар келтірсек:

Бірінші көрініс: Сахих Муслимде келген ұзын хадисте Хузайфа ибн әл-Яман және Әбу Хусайл деген екі сахаба Меккеден Мәдинаға бет алып бара жатқан кездерінде Мекке Құрайыштары ұстап алады. Олардың Мәдинаға бет алып бара жатқанын біліп кері қайтармақшы болғанымен қайтпады. Олар құрайышқа қарсы соғысуға Алла атымен ант етуін сұрайды. Оларды ант еткеннен кейін босатады. Мұсылмандардың кәпірлермен алғашқы соғысы Бәдір соғысында мұсылмандар саны аз бола тұра Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың берген серттері үшін оларды соғысқа қатыстырмады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің серттерің үшін олармен соғысуға тыйым салынды, Алладан оларды жеңу үшін жәрдем сұраймыз»[8], – деді. Бұл мүшріктерге берілген уәде болса да, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) уәдені бұзбады.

Екінші көрініс: Хижраның алтыншы жылы мүшріктер мен мұсылмандардың арасында Худайбия келісімі болған. Келісімге сәйкес мүшріктер тарапынан егер біреу ислам қабылдап, мұсылман болса Мадина қаласына барып Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қосылуына тиым салынған болатын. Келісім аяқталғаннан кейін Әбу Жәндал ибн Сухаил деген сахаба Меккені тастап, Мәдинаға мұсылмандарға қосылмақшы болды. Алайда әкесі Сухаил келісімнің өз күшіне енгенін айтып, баласын кері қайтарады. Сол кезде Әбу Жәндал тұрып мұсылмандарға: «Менің мүшріктерге қосылуыма жол бересіңдер ме? Мен мұсылман болып келген жоқпын ба?», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшріктерге берген уәдесінде тұрып: «Әбу Жәндал сабыр ет және Аллаға тәуекел қыл, сен және сенімен бірге болған әлсіздерге Алла жеңілдік және шығар жол береді. Біз бұл қауыммен келісімге отырдық, Алламен ант еттік, біз антымызды бұзбаймыз», –деді.

Үшінші көрініс: Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тәлім алып, әрбір әрекетінде амал жасауға тырысқан ұлық сахабалар уәдеде тұрудың озық үлгісін көрсетіп кеткен. Парсы еліне ислам жорықтар болған кезде Әбу Убайдата ибн Жарахтың әскерінде бір жауынгер маңызды нүктеде орналасқан бір елді мекенмен соғыспауға уәде берген.

 Соған байланысты Әбу Убайдата ибн Жарах Омардан үкім сұрап адам жібереді. Омар: « Шын мәнінде уәдені Алла мұсылмандар үшін ұлық етті, уәделеріңде тұрыңдар! Алладан оларды жеңу үшін көмек сұраймыз», – деді. Неткен керемет мысал. Осындай ұлы тұлғалардың әрекетінен адамдар жаппай дінге бет бұрып, Парсы елі, Византия, Испания, Португалия мұсылмандардың қарамағына өтті.

Дана бабаларымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынғаны» деп, өміршеңдігін жоймайтын сөз қалдырған. Уәдемізге берік болайық бауырлар!

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Исра» сүресі, 34-аят.

[2] «Мағариж» сүресі, 32-аят.

[3] «Бақара» сүресі, 177-аят.

[4] «Мәриям» сүресі, 54-аят.

[5] «Нәжм» сүресі, 37-аят.

[6] Ахмад хадистер жинағы.

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] Муслим хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.