Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазыбек би: Кесапаты тиер еліңе

0 556

Қазыбек би сөз сөйлесе шешен, ел бастаса көсем, жалпақ жұртты аузына қаратқан кемеңгер. Оның өз уақытында халқының ұйытқысы, ел жұрттың бірлігін бекем ұстауға бар күш-жігерін салған салиқалы да салмақты болғанын көреміз.

Біз бидің атақты Әз Тәуке хан, Төле, Әйтеке билермен бірлесе отырып жасаған игілікті істерінің бірі “Жеті жарғы” заңын айырықша атаймыз. Бұл асыл мұраның түп қазығы – ел мұраты.

Аталған тұлғалардың өз ортасынан оза шығып, аттары тарихта қалуына олардың қара қылды қақ жаратын әділдігі себеп болса керек. Шынында да, үш бидің қай-қайсысы да “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген аталы сөзді басшылыққа алған ғұлама жандар еді.

Қазыбектің әкесі Келдібек те заманында би болған екен. Әйелі Тоқмейілден алты ұл көріпті: Қазыбек, Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене.

Қазыбегі өмірге келгенде анасы тебірене отырып:

Айналып-толғанып өсірсем,

Ақ сүтімді кешірсем.

Адалдан болар нәсібің,

Тіліңнен болар кәсібің, – депті.

Сол анасының айтқан ақ тілегі қабыл болып, Қазыбек өте алғыр, шешен болып өсіпті.

Қазыбек би тақпақтап кетсе аузынан гауһар төгілетін:

Өркенің өссін десең,

Кекшіл болма,

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

Өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға,

Қастық қылма,

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға,

Жәрдемші бол асыға.

Қиын-қыстау күндерде,

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба!

“Ел аузынан” кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.