Күнделікті өмірде “жаным көзіме көрінді” немесе “бар өмірім көз алдымнан сырғып өтті” деген тіркестерді басымыздан өткен қорқынышы, қатерлі жағыдайларды сипаттағанда қолданып жатамыз. Және шын өлім алдында адамның өткен өмірі көзіне көрінетіндігі жайлы да талай естіген боларсыз. Енді бұл құбылыс жайлы ғылымда не айтылған және ол қалай болады?
Адамның көзіне бар өткен өмірінің көрінуі шынымен болатын құбылыс екендігін ғалымдар дәлелдеп отыр. Адамның миына белгілі бір қауіп туралы хабар келгенде немесе клиникалық өлім кезінде миға жазылған барлық ақпарат көрінеді. Бұл зерттеу нәтижелерін израильдік ғалымдар Consciousness and Cognition басылымында жариялаған.
“Хадасса” атты иерусалимдік емханада аталмыш құбылысты толыққанды зерттеу үшін қарапайым адамдардың бастарынан өткен клиникалық өлімдер мен ажалдан аман қалған 7 жағыдай алынып отыр. Бұл сәтті басынан өткергендердің барлығының айтуына қарағанда, өткен жағыдайлар белгілі бір уақыт аясына сәйкес келмейді және сол сәтте болған оқиғаға қатысқан адамдардың барлығының сезімдерін сезіне алады екен. Гипоксия әсерінен туындайтын түс секілді көріністер – адамның есте сақтау қабілетіне жауап беретін ми бөліктеріндегі қанның әлсіз айналымынан туындайды. Сонымен қатар, бұл көріністер дежавю мен қарапайым естеліктерге ұқсас келеді.
Мидың өлуі. Фото: svetnsk.ru
Мамандардың тұжырымдамасына сәйкес, өлім алдында немесе клиникалық өлім кезінде адамның көз алдынан барлық өмірінің өтуі – сау психикаға тән нейрокогнитивті механизмнің шоғырланған вариациясы әсерінен болатын құбылыс екен. Өлер алдындағы адамның өсиет айтатыны да өткен өмірнің бар картинасы көз алдына келгесін жақындарына соңғы істерін тапсыратын болуы керек.
Қалай десекте ажалдың түсі аппақ әрі жап жарық болады деген түсінікті жоққа шығара алмаймыз. Әуелде қап-қараңғы түнекке жол алған жан көз қаратпас жарыққа еріп кетеді дейді ғылымда. Сол ажалға апарар ақ жарық бәлкім өткен өмірдің жарқын картинасы секундына неше милиард кадр болып заулап өте шыққандағы жарық болуы мүмкін.
“The Qazaq Times”