Қаламгер Ғабиден Мұстафинның бірқатар ой орамдарын назарларыңызға ұсынамыз.
Іштегі пікір сыртқа сөз арқылы шығады. Сөз қалай шығарса солай шығады. Әдемі ойды орашолақ сөз бұзса, орашолақ ойды шебер сөз түзеп тұрады. Зады сөз бен пікір тең түсуі шарт. Өйткені, сөз жетпей қалса, пікір толық көрінбей қалады. Сөз асып кетсе, қазақ оны мылжың дейді. Не нәрсе де тілек мөлшерінен асса, қадірсіз болмақ.
Мейіріңді қандыратын мөлдір шығарма тек мөлдір көңілден шығады. Оны пасық көңілден іздеу – лай судан балық іздеумен бірдей.
Жақсылық та, жамандық та біртіндеп, мысқалдап сіңеді бойға. Сөйте-сөйте бүкіл ойыңды, бойыңды билейді. Идея, мінез үйде бір қилы, түзде бір қилы бола алмайды.
Азаматтық сипаты келіспеген адамды халық ежелден сүйген емес. Жазушы – халық ішінде білікті, сүйікті адам. Егер азаматтық сипаты бұзылса, ол сүйкімнен айырылады. Бұдан кейінгі өмірдің қызығы не? Сондықтан жазушы деген қадірлі атты таза, жоғары ұстайық. Атың былғанса, асыл сөзің де өте бермейді.
“Иман” журналының 2022 ж. №1 санынан
sunna.kz